Бакуде әлемнің діни көшбасшыларының жаһандық саммиті басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанда Президент Ильхам Әлиевтің қамқорлығымен COP29 климаттық конференциясы аясында «Әлемдік діндер жасыл ғалам үшін» атты ІІІ Дін көшбасшыларының жаһандық саммиті өтіп жатыр.
Іс-шараға 30-ға жуық әлемдік діни көшбасшылар, соның ішінде Ватикан мен Әл-Азхардың жоғары лауазымды тұлғалары, сондай-ақ 55 ел мен 30 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Қатысушылар арасында әртүрлі мәдени және діни ортадағы ғалымдар, дін көшбасшылары және БАҚ өкілдері бар.
Екі күнге созылатын саммит қатысушылардың климаттың өзгеруінің этикалық және моральдық салдары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Әзербайжан жаһандық диалогтың иесі ретінде елдің тұрақты дамуға деген ұмтылысын қуаттады.
Саммит сонымен қатар COP29 мақсаттарына сәйкес конфессияаралық диалог алаңын қамтамасыз етеді.
Президент Ильхам Әлиев саммитке үндеу жолдап, онда COP29 көтерген мәселелерді шешудегі конфессияаралық диалогтың рөлін атап өтті. Әзербайжан басшысы ықпалды діни дауыстар болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғауға көмектесетінін атап өтті.
— Түрлі сенімдер мен нанымдардың бай рухани әлеуеті климаттың өзгеруінен туындаған экзистенциалды мәселелерді шешуге серпін бере алады. Бұл сын-қатерлерге қарсы күресте әлемнің діни көшбасшылары үлкен рөл атқара алады, — деді президент Ильхам Әлиев өз жолдауында.
Бір қызығы, саммиттің күн тәртібінде әлемдегі басты экологиялық мәселелердің бірі саналатын және жергілікті климатқа кері әсерін тигізетін Арал теңізінің құрғау проблемасы да болды. Орталық Азия аймағында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, климаттық дағдарысты еңсеру бағытында елеулі жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды.
Іс-шара нәтижесінде саммиттің қорытынды құжаты — Баку декларациясы және әлемдік дін көшбасшыларының Бакуде өтетін COP29 қатысушыларына үндеуі қабылданады.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкекке барғаны хабарланды.