18:16, 20 Қазан 2015 | GMT +5
Бакуде қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтуде
БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Бакуде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттігі Әзербайжан Сауда-өнеркәсіптік палатасымен бірлесіп ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтіп жатыр.

Аталған шарада Қазақстанның машинажасау, химиялық, құрылыс, фармацевтикалық, азық-түлік саласындағы 20 кәсіпорын Әзербайжанның компанияларымен аталған елге тауар жеткізу мүмкіндіктері бойынша келіссөздер жүргізуде.
Сонымен қатар қазақстандық тауарларды ресімдеу мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік сатып алулар үрдісіне қазақстандық компаниялардың қатысуы бойынша ӘР мемлекеттік органдарында кездесулер өткізу жоспарланған.
Бакуде «Kaznex Invest» осындай шараны екінші рет өткізіп отыр. Сауда миссиясының қорытындысы бойынша, 8 млн. доллардан астам сомаға келісімшарт жасасты.
«Kaznex Invest» басқарушы директоры Асқар Арыновтың сөзіне қарағанда, аталған шарада шамамен 10 млн. долларға келісімшарт жасасу көзделген.