Бакуде Қазақстанның Республика күні тойланды
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Энергетика министрі, Қазақстан-Әзербайжан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Парвиз Шахбазов, Әзербайжан парламентінің депутаттары мен мемлекеттік орган өкілдері, дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, дипломаттар, мәдениет қайраткерлері мен қоғам белсенділері, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжанда оқып, жұмыс істейтін қазақстандықтар қатысты.

Қабылдаудың ресми бөлімінде Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұраны шырқалды, Елші Әлім Байел мен министр Парвиз Шахбазов құттықтау сөз сөйледі.
Әлім Байел өз сөзінде соңғы бір жылда екі ел президенті арасындағы сенім диалогының арқасында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығының даму қарқыны жеделдей түскенін атап өтті.
Елші Әзербайжан мен Қазақстанды түркі бірегейлігі біріктіретінін және екі ел аймақта бейбітшілік пен келісім орнауы үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ дипломат «Орталық дәліз» (TMTM), Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру барысы туралы айтты.
Парвиз Шахбазов өз сөзінде жоғары деңгейдегі саяси қарым-қатынас экономикалық әріптестікті кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Министр бауырлас Қазақстан халқына табыс, гүлдену және бейбітшілік тіледі.

Іс-шара барысында Әлім Байел ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Әзербайжан қайраткерлеріне мемлекеттік награда мен құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыс етті.
ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан мен Әзербайжан халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен Әзербайжан Республикасы Президентінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі көмекшісі Хикмет Гаджиев және белгілі Әзербайжан прозашысы, публицист, сценарист және аудармашы Нариман Абдулрахманлы марапатталды.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы бауырластық қатынасты ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі, екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігері үшін Әзербайжан Энергетика министрі Парвиз Шахбазов пен Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының басқарма төрағасы Фарид Шафиев ҚР Президентінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Ресми қабылдау аясында қонақтарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы және Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі ұйымдастырған этнографиялық көрме ұсынылды.

Шара қонақтары қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің саналуандығын көрсететін көне тұрмыс заттарымен, киім-кешек, ат әбзелдері, кілем, киіз және басқа да ұлттық бұйымдармен танысты.
