Баку–Жейхан бағыты арқылы 20 млн тонна мұнай экспорттау арман ба, жалған ба
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Жерорта теңізі арқылы өтетін Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр желісімен мұнай экспорттау көлемін 20 млн тоннаға жеткізуге мүдделі. Бұған аталған дәліздің басында отырған Әзербайжан қалай қарайды? Ақтау портының инфрақұрылым әлеуеті ондай көлемді игеруге қауқарлы ма? Kazinform тілшісі осы мәселені зерделеп көрді.

Сынақ мерзімі сәтті өтсе…
Қазақстан жыл сайын 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіреді. Оның басым бөлігі өзге мемлекеттерге экспортталады. Мәселен, былтыр еліміздің жер қойнауынан 86,7 млн тонна қара алтын алынып, оның 69%-ы шетелге сатылған. Бұл туралы Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы Сұлтанбек Сәдуахасов агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
— Қазақстан мұнай экспорттайтын негізгі бағыт — Еуроодақ елдері, яғни Италия, Франция, Нидерланд және басқалары. Сондай-ақ, Үндістан, Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кореяға да тасымалдаймыз. Сұраныс жөнінен ең ірі мемлекет — Италия, — дейді ол.
Еліміз былтыр Каспий құбыр консорциумы арқылы Еуропа мен Азия нарығына 54,9 млн тонна мұнай экспорттаған. Атырау–Самара құбырымен 8,8 млн тонна жөнелтілген. Ақтау порты арқылы 3,6 млн тонна тасымалданса, Атасу-Алашанькоу бағыты арқылы Қытайға 1,2 млн тонна жеткізілген.
Ақтау портынан шығарылатын мұнайдың бір бөлігі Баку–Тбилиси–Жейхан құбырына құйылады. Бұл Қазақстан үшін Жерорта теңізі аумағындағы елдер мен Түркияға мұнай жеткізудің баламалы бағыты. Былтыр дәл осы тасымалдау желісімен Қазақстан 1,4 млн тонна шикізат өткізген.
— Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр желісінің жылдық өткізу қабілеті — 50 млн тонна. Қазіргі келісім бойынша Қазақстан жылына осы бағыт арқылы 1,5 млн тонна шикізат экспорттай алады. Әзербайжан осы көлемді 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға қызығушылық білдірген. Екі жақтың мүдделі мемлекеттік органдарымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — дейді Энергетика министрлігінің маманы.
Десе де, бұл бірден біте қоятын шаруа емес. Қазір Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы келісім 4 айға созылатын сынақ кезеңінде. Мамандар Қазақстаннан баратын қара алтынның көлемін біртіндеп арттырып, нарықтың қалай қабылдайтынын байқап көрмек.

— Біздің мұнайдың құрамында күкірт пен меркаптан бар. Ол Әзербайжан мұнайында меркаптан мүлдем жоқ, күкірті өте төмен. Қазақстаннан жеткен мұнай Әзербайжан өнімінің сапасына, бағасына кесірін тигізбей ме? Сынақ мерзімі сол үшін белгіленіп отыр. Осыдан кейін келісімшарттағыдай Қазақстан мұнайының көлемін біртіндеп арттырамыз, — дейді «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелері жөніндегі орынбасары Қуаныш Кескінбаев.
Қуаныш Кескінбаев сынақ кезеңі ойдағыдай өтсе, биыл бұл бағыттағы мұнай экспортын 1 млн 750 мың тоннаға дейін жеткізуге болатынын айтады. Келесі жылы 2 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Мүддеміз мүмкіндігімізге сай ма?
Былтыр қарашада еліміздің Энергетика министрі Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен экспорттайтын шикі мұнай мөлшерін 20 млн тоннаға жеткізуге мүдделі екенін айтқан еді. Бірақ мұнай саласындағы мамандар бұл күнге қашан жететінімізді болжау қиын деп отыр.
— Қазір қолымыздағы инфрақұрылым 20 млн тонна мұнайды экспорттауға қауқарсыз. Атыраудан («Теңізден») Ақтауға дейін мұнайды теміржолмен тасимыз. Қазір ары кетсе 5 млн тоннаға дейін жеткізуге болады. 20 млн-ға жеткізу үшін бәрін жан-жақты зерттеп, мемлекет пен жеке инвесторлар бірлесе жұмыс істеу керек, — дейді Қуаныш Кескінбаев.
«Қазақстанның мұнай сервистік компанияларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов дәл қазір балама бағыт іздеуден бұрын мұнай өндірісінің көлемін арттыру маңызды деген пікір айтты.

— Мұнайдың бағасы тұрақты 70-80 доллар төңірегінде тұратын болса, әрине, жақсы бір балама жол іздеу өте орынды. Ал 40 доллардан төмен болып кетсе, ол мұнайды өндіргеннен не пайда? Меніңше, бізге балама бағыт іздегеннен бұрын мұнай көлемін ұлғайту пайдалы, — дейді сарапшы.
Ал тасымалға келсек, мәселен Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай сапасына байланысты Brent маркасынан жоғарырақ бағаланады. Каспий құбыр консорциумы бойынша Ресей арқылы өтетін мұнай сәл арзан. (Бүгінде Brent-тің 1 баррелі 60 доллардан азғантай асып тұр).
Қуаныш Кескінбаев Баку–Тбилиси–Жейхан бағыты арқылы мұнай экспорттау ұлғайса, қазақстандық өнімді әлемдік аренада таныту мүмкіндігі артады деп отыр. Мұның экономикалық тиімділігінен геосаяси маңызы басым. Ал Рашид Жақсылықов осы бағыт арқылы түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы одан сайын нығая түсетініне сенімді.
— Өздеріңізге белгілі, түркі тілдес елдердің одақтастығы тек қана саяси меморандумдармен ғана емес, экономикалық ірі жобалар арқылы да нығая беру керек. Осы тұрғыда бұл — сәтті шешімдердің бірі, — дейді ол.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» 2025 жылғы 1 мамырдан бастап мұнай өңдеу тарифінің төмендейтінін хабарлады.