Бақыт Сұлтанов әлеуметтік салада атқаратын жұмыстарымен бөлісті
Оның атап өтуінше, өткен жылы 2019-2023 жылдарға арналған Астана қаласының жинақы құрылысы туралы кешенді жоспар қабылданған. Осы ретте әкім аталған жоспардың негізгі бағыттарына тоқталды.
«Автомобильдену деңгейінің жыл сайынғы 8-9 пайызға өсімін ескере отырып, көлік инфрақұрылымы саласында 2023 жылға дейін 121 шақырым жол, 2 көлік жол айырығын, 3 көпір, 1 жол құбырын, 1 жер асты жолын және жеңіл рельсті көліктің 1 кезеңін салу жоспарланған. Білім беру саласында 2030 жылға дейін елордаға қоныс аударушылардың есебінен мектеп жасындағы балалар контингентінің өсімі 124 мың жаңа оқу орнын құрайтын болады. Тапшылықты жою үшін 37 мектеп және 10 жапсарлас нысан салынады», - деді ол.
Сонымен қатар, қала әкімі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін жаңа 25 балабақша салынатынын да атап өтті. Денсаулық саласында 15 нысан салынатынын айтты.
«Халыққа тұрғын үй-коммуналық қызметтердің сапалы көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында 150 шақырым сумен жабдықтау, 81 шақырым су бұру желісі салынады. ЖЭС-2-ні жаңғырту 2-2,5 млн шаршы метр тұрғын үй және коммцерциялық алаңды орталықтанырылған жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Ал ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы қаланың батыс және сол жағалау бөлігін жылмен қамтамасыз етеді. Қуаты 418 Гкал/сағатты құрайтын ЖЭС-3-тің екінші кезеңін мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы жүзеге асыру жоспарланған», - деді Сұлтанов.