Бақытгүл Хаменованың соты: басқарма басшысы оған жала жапқанын айтты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот қайта жалғасты. Соттың кезекті отырысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тергеу кезіндегі бастапқы сөзінен бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен тергеуде жауап берген кезде есеңгіреп, қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің бірі келіп, бұл қаржы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналған деп көрсетіп беру керек екенімді айтты. Егер мен осылай көрсетсем, қорғалу құқығы бар куә болып қалатынымды түсіндірді. Бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды ескертті. Антикор қызметкерінің нақты кім екенін айта алмаймын, оларды танымаймын», - деді Ақылбек Рысқалиев.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Бақытгүл Хаменованың ісі Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Еске салсақ, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.

14 маусымға белгіленген сот процесі бірнеше рет кейінге қалдырылып, 11 тамызда басталды.

Бақытгүл Хаменова сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Бұған дейін, яғни 3 тамызда айыпталушы облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған.

Сот отырысы 6 қыркүйекте қайта жалғасты.

Бақытгүл Хаменова сот отырысында жіберген қателігі туралы айтты.

Сондай-ақ, Антикор Хаменоваға қатысты мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар