Бақытжан Сағынтаев Алматының тарихи орталығында құрылыс тоқтайтынын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Аkimat Live бағдарламасында қала құрылысын реттейтін жаңа ережелер әзірленетінін мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, ережелердің басты мақсаты — қоғам мен бизнес мүдделерін ескеретін жүйелі шешім қабылдау.

Ережеде жер учаскелерін игеру, оның ішінде бұған дейін алынған оң шешімдер мен рұқсат құжаттарды дұрыс пайдалану қарастырылған.

Ереженің негізгі тармақтары қаланы дамытуға арналған қала құрылысы талаптарын бекітуге бағытталатын болады.

Сонымен қатар, тарихи қалыптасқан ғимараттарды сақтау және осы аймақтарда құрылысты ретке келтіру (аймақтандыру) мақсатында ерекше қала құрылысын аймағы белгіленеді.

Мұнда тарихи орталықтың шекараларын анықтау маңызды. Сондай-ақ, қаланың басқа аудандарындағы жекелеген аймақтар да ережеде қарастырылған.

«Қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында ғимараттардың тығыздығы мен биіктігі ескерілетін болады. Мысалы, жаңа ғимараттың биіктігі іргелес салынған нысаннан 1/3 биік болмауы тиіс. Бұдан өзге, ережелерде аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық ортаны сақтау мен жайлылығын арттыру талаптары жазылады. Тарихи келбетті сақтау үшін ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне қойылатын талаптар да ескеріледі. Қала тұрғындарын, қоғам белсенділер мен сарапшыларды кеңінен тарта отырып, қоғамдық талқылау өткізу тетіктерін әзірлеу маңызды»,- деді әкім.

Жүргізілген сараптама және тұрғындардың пікірін жинақтау барысында тарихи орталық аумағында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды.

Бұл учаскелер екі топқа бөлінді: құрылыс басталған және бос жатқан жерлер. 14 учаскеде құрылыс басталған, оның ішінде 3 нысанның құрылысы тоқтады әрі рұқсат құжаттары қайтарылды.

Тұрғындардың өтініші бойынша 11 нысанға ұсыным берілді, мұнда қозғалыс сызбасын ұйымдастыру, абаттандыру, қабаттар саны және тағы басқа мәселелер ескерілетін болады.

«Бос жатқан жер телімдері бойынша, оның ішінде 8 учаскені қайтару (сатып алу) қарастырылуда, мұнда абаттандырылған және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер құрылатын болады. 14 учаскеге жасыл желектерді кесуге тыйым салу, бұрыннан бар нысандарды ескере отырып, қабаттар санын және функционалды пайдалануды азайту бойынша қала құрылысын жүргізуге шектеу қойылды»,- деп атап өтті қала басшысы.


Соңғы жаңалықтар