Бақытжан Жұмағұлов алаңдатып отырған мәселелерді атады
«Алаңдаушылық туғызатын бірқатар мәселелер де бар. Бірінші, жұмыссыз жастар құрамының өзгеруі. Жұмыссыздық деңгейі жалпы азайып келе жатқанымен, олардың арасында жоғары және кәсіптік-техникалық білімі бар жастар көп. Екінші, өз бетімен жұмыс істейтіндердің саны азаймай отыр. Ол 2 млн-нан астам адамды құрайды. Үшінші, техникалық және жоғары оқу орнын бітірушілердің едәуір пайызы жұмысқа орналаса алмауда»,-деді министр.
Оның сөзінше, білім жүйесі оларды бірнеше ай қадағалап отырады. Кейін олар назардан тыс қалады.
«Мұндай жағдайларға жол бермеу керек. Сондықтан, жастарды жұмысқа орналасуға қолдау көрсетудің жаңа кешенді жүйесін құру қажет. Бұл жүйеге Еңбек министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және басқа министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар толығымен қатысуы тиіс»,-деп атап өтті ведомство басшысы.
Б. Жұмағұловтың пайымдауынша, жаңа жүйе жастарды жұмысқа орналастыруға нақты және толық мониторингті жүзеге асырады. Ең бастысы, жұмысқа орналасуға нақты көмек көрсетеді.
Бұл арада, жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың рөлі өте маңызды. Әсіресе, индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы мен бизнес жол картасына қатысушылардың орны айрықша.
«Мұндай жүйені енгізу, Елбасы «Жас Отанның» ІІ съезінде айтып өткен Арнайы бағдарламасының маңызды позициясына айналуы тиіс. Сонымен қатар, бұл жүйе Мемлекет басшысының жастар саясаты бойынша тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енуі қажет. Осындай жоспарды әзірлеуге барлық орталық және жергілікті басқару органдары қатысуы тиіс деп ойлаймын»,-деп түйді ол.
Айта кетейік, елімізде 2001 жылмен салыстырғанда жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 есеге азайып, 3,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Еуропа мен ТМД елдерінде шамамен 18 пайыздан, ал кейбір елдерде 40 пайыздан асады екен.