Бақытжан Жұмағұлов оқушылар мен студенттердің қатысуымен Шағын Универсиада өткізуді ұсынды

«Біз Универсиада бағдарламасы шеңберінде спорттың қысқы түрлерінен оқушылар және студенттердің қатысуымен Шағын Универсиада өткізуді ұсынамыз. Бұл бойынша ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуіміз қажет. Сондықтан аймақтарда оқушылар мен студенттердің қатысуымен Шағын Универсиада өткізуді ұсынамын. Нәтижесінде оқушыларға іріктеу жүргізуге болады. Осылайша олар 2017 жылы біздің құрамаға кіре алады»,-деді министр.
Оның пайымдауынша, жүлделі орын алғандарға облыс әкімдері жоғары оқу орындарында оқуға грант бөлсе, орынды болар еді.
«Осылайша біз Бүкіләлемдік Универсиадаға спортшыларды сапалы дайындау үшін мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтамыз. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысын жандандыруымыз қажет. Олар Бүкіләлемдік Универсиаданың спорт түрлерін дамытуға базалық серпін беруі тиіс»,-деп түйді Б. Жұмағұлов.
Айта кетейік, 2017 жылғы Универсиада Қазақстанда өтеді.