Бала кезінде концлагерь тұтқыны болған атыраулық кейуанаға 1 млн теңге беріледі

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Жеңістің 78 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне, соғыс зардабын тартқандар мен олардың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына жергілікті бюджеттен бір жолғы қаржылай көмек көрсетіледі.
«Қазір Атырау облысында Екінші дүниежүзілік соғытың ардагерлері жоқ. Бірақ, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдерімен наградталған 29 ардагерге 100 мың теңгеден бір жолғы қаржылай көмек беріледі. Оларға ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы төленіп отыр. Ал, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген және соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерiмен және медальдерімен наградталмаған 1157 адамға 30 мың теңге біржолғы ақшалай көмек беріліп келеді. Соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар қатарында болған бір адамға 1 млн теңге төленеді», депхабарлады Азамат Мәмбетов.
Оның мәліметінше, қайтыс болған майдангерлер мен соғыс мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың екiншi рет некеге тұрмаған 25 жесірі бар. Оларға 30 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай көмек тағайындалады. Ал, өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысқан 1130 адамға 150 мың теңгенің көмегі беру үйғарылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мүгедектігі бар адамдар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынатынын жазған едік.