Бала тәрбиесі - баршаның ісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында: «Біздің топырағымызда туған кез келген сәби - қазақстандық. Оны мемлекет қамқорлығына алуға тиіс. Ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін жазаны күшейтуді қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын», - деп атап көрсетілген болатын.
None
None

Баланың келешекте жақсы адам болуына сыртқы орта факторлары, оның ішінде, тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазақ халқында «текті жердің тұқымы», «тегі мықты» деген сөздер бар. Бұл тегін сөз емес. Ата-бабаның қанымен келетін тектілік қасиет бала тәрбиесінде басым орын алуы қажет. Сондай-ақ халық аузында «шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген де мәтел бар. Бұл арада тәрбиенің негізгі көзі анасында, оның тектілігінде екені, жастардың отбасын құру мәселесіне жауаптылықпен қарау керектігі анық айтылып тұр.

Әрине, қазіргі кезде отбасында да, басқа орталарда да қазақы тәрбие кемшін. Оның зардабы да жоқ емес. Әр ұлттың өз ерекшелігі болатыны сияқты, біздің қазақтың да ұлттық тәрбиесінің ескірмейтін, қандай заман көшіне де ілесе алатын өміршең қалыптары бар екенін мойындауымыз және оны қабылдай білуіміз керек. Халқымыз, әсіресе, қыз баланың тәртібі мен тәрбиесіне үлкен мән беріп, ерекше көңіл бөлген. «Қызға қырық үйден тыю» деген сөзде салмақты мағына бар. Яғни, қыз баланың абыройына тек ата-ана ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ жауапты екенін білдірген бұл сөздің астары терең.

Қазіргі заманда ондай үрдістің толыққанды іске асуы қиын екені түсінікті. Дей тұрғанмен, ата-ана мен мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындары ұжымдарында тұрақты байланыс болып, кешенді тәрбие жүйесі жұмыс жасаса, жағымды нәтижесі болар еді деген ой келеді.

Жасөспірімдерге қатысты түрлі санаттағы қылмыстық істерге шолу жасаған кезде, мұндай құқықбұзушылықтың негізінен беймезгіл уақыттарда орын алатыны байқалады. Мәселен, өткен жылы орын алған зорлық қылмыстарға жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта рұқсат етілмеген орындарда жүруі тікелей себепші болған. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы жылдары қоғамда жасөспірім балаларға қарсы зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы іс-әрекеттер жасау, жас балаларды азғындату сияқты адамгершілік қасиетке жат, арсыз қылықтарға баратын қылмыскерлердің («педофилдер») көбейе бастағаны.

Сондай-ақ өкінішке қарай, жыл өткен сайын жасөпірімдерге қарсы жасалатын қатыгез қылмыстық іс-әрекеттермен қатар, жасөспірімдердің өздері жасайтын қылмыс түрлері де көбейе түсуде. Бұл тұрғыда ойласарлық, пікір алысарлық жайлар аз емес. Бар мәселе қолға түскен қылмыскерлерді жазалаумен шешіле салмайтыны белгілі. Демек, жасөспірімдер тәрбиесіне, қандай деңгейде, кімдер арқылы болса да айрықша көңіл бөлінуі, кешенді шаралар алынуы қажет екені айдан анық. Бала тәрбиесіне немқұрайылықпен қарауға болмайды. Себебі, қазіргі жасөспірім балалар - біздің болашағымыз, мемлекеттің, елдің ертеңі соларға тікелей байланысты. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейдегі баршаға ортақ мәселе деп түсінуіміз керек.

Шиналханов

Соңғы жаңалықтар