«BALA Turkvizyon-2015» халықаралық балалар ән байқауына іріктеу туры басталады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда арнайы баспасөз мәслихатында заманауи түркі тілдес елдердің тарихындағы тұңғыш рет қолға алынған «Bala Turkvizyon» халықаралық балалар әні байқауының бастау алатыны туралы жарияланды.
None
None

«Бұл түркі елдерінің тарихында тұңғыш рет қолға алынып отырған шара. Оған түркі әлемінің 20-дан астам елінің дарынды балалары қатысады. Байқаудың басты мақсаты, көздеген мұраты - балалардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету, жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, оларды сақтау және нығайту. Енді көп ұзамай Қазақстан эстрадасының жас жұлдыздары - 16 тәлімгер еліміздің 16 өңіріне барып, осы байқауға дарынды балаларды таңдайды. Мен еліміздің барлық дарынды балаларын түркі әлемінде ойып тұрып орын алатын осы халықаралық «Bala Turkvizyon» балалар ән байқауының іріктеу турына қатысуға шақырамын», - деді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.

Бұл халықаралық жоба үстіміздегі жылдың 30 мамырында Алматы қаласында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертте салтанатты түрде өз бастауын алатын болады. Осы күннен бастап, барлық түркі тілдес елдерде іріктеу туры басталады.

Қазақстан эстрадасының жас жұлдыздары - 16 тәлімгер еліміздің 14 облысы мен Астана мен Алматы қалаларына барып, 8 маусымнан бастап 1 тамызға дейінгі аралықта 8-13 жас аралығындағы дарынды балалар арасында іріктеу турларын жүргізеді. Бұдан әрі қарай, таңдап алынған 16 дарынды жасөспірім Алматыға шақырылады. Олар осында арнайы жұлдызды үйге жайғасады. Мұнда өнер саласының ұстаздары оларды вокалдық және әртістік шеберлікке, сахнадағы қозғалыстарға және хореографияға үйретеді. Байқауға арнап қазақ тілінде 16 жаңа композиция жазылады. Ал 16 эстрада жұлдызы өздері таңдаған қатысушының продюсері іспеттес болады. Яғни, бұл продюсерлер арасындағы сайыс десе де болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қыркүйек айының соңында Астана қаласында «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық іріктеу байқауының финалы өтеді. Онда Қазақстанның атынан халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауына бір орындаушы таңдап алынады. Ал халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауына гранд-финалы үстіміздегі жылы шамамен қазан немесе қараша айында Түркіменстанның Мары қаласында ұйымдастырылады.

Айта кетелік, «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық байқауы «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаеваның тікелей қамқорлығымен өтеді.

Соңғы жаңалықтар