Балабақшада 3-4 жасар бүлдіршіндерді сабақ емес, ойын арқылы дамыту әдісі енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде баланы ерте дамытудың жаңа әдіс-тәсілі іске қосылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоционалдық, физиологиялық дамуына балабақшалардың тигізетін әсері орасан. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілді», - деді Ғани Бейсембаев аталған ведомствоның кеңейтілген отырысында.

Министрдің айтуынша, жаңа моделді енгізу жолында оқу бағдарлама, жоспары мен оқыту әдістері қайта қарастырылды.

«Осыған дейін бағдарлама тым академиялық күрделі еді, ол - 3-4 жасар балаларды отырғызып, 20 минуттан сабақ беру болса, ендігі кезекте халықаралық тәжірибе ескеріліп, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшелігіне сәйкес балабақша табалдырығынан басталады. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдай жасалуы керектігін айтты.

«Жаңа модельдегі ұстаным балаларды коммуникативті, өзіне сенімді, төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлауға бағыттайды. Сонымен қатар еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына балабақшадан бастап сіңіруді көздейді», - деді Ғ.Бейсембаев.


Соңғы жаңалықтар