Балаева порносайттар жайында: Бірін бұғаттасаң, екіншісі ашылып жатады

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде порнографиялық материалдар тарататын 1 024 интернет-ресурс бұғатталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Аида Балаева
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, 2019 жылы порнографиялық материалдар таратып, интимдік қызметтерді жарнамалайтын 8 интернет-ресурс бұғатталған еді. 2021 жылы мұндай 624 интернет-ресурс әшкере болды. Ал жыл басынан 1 024-і анықталды, яғни көбейіп барады. Өздеріңіз де түсінесіздер, біз бұғаттаған сәттен-ақ келесісі ашылып жатады. Сондықтан жұмысымызды жетілдіру бағытында жұмыс істеуіміз қажет, - деді ол Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сонымен қатар министр Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға қатысты кибершабуылға қатысты пікір білдірді.

- Кінәлілерді тек құқық қорғау органдары ғана анықтайды. Кеше министрдің (Ішкі істер министрі Ержан Сәденов - ред.) пікірін естідім. Іс қозғалған сияқты. Кінәлілерді іздеп жатыр, - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар