16:14, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Балақаев Мәулен Балақайұлы
Балақаев Мәулен Балақайұлы (1907-1995) – қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинград университетінің аспирантурасын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы журналистика институтының кафедра меңгерушісі, Шет тілдері институтының директоры, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің кеңесші-референті, Мемлекеттік терминология комиссиясының ғалым хатшысы, Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі, ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тіл ғылымының грамматика, емле, терминология, тіл мәдениеті, стилистика тәрізді өзекті мәселелеріне арналды. М.Балақаев орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға белсене ат салысты.
Ол ? 150-ден астам ғылми еңбектің, оның ішінде 20-ға жуық кітаптар мен монографиялық зерттеулердің авторы. Ғалымның «Жай сөйлем синтаксисі» атты докторлық диссертациясы тілі білімі тарихындағы жаңалық ретінде бағаланды. Оның «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы ? синтаксистің салаларын ғылыми тұрғыда жүйелеп, құрылымдық қызметін терең зерттеген еңбек. Профессор-ұстаз «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің негізгі типтері» атты монографиясында синтаксистің дербес саласы ретінде сөз тіркесін алғаш рет зерттеді. Еңбектерінің бірқатары қазақ әдеби тілінің дамуы мен көркем әдебиет тілін зерттеу мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ол «Қазақ тілінің мәдениеті» пәнін ашып, оның қалыптауына зор еңбек сіңірді.
Ғалым қазақ жазуы мен емлесін қалыптастыруға да мол үлес қосқан ағартушы ретінде де бағаланды. Оның 1948 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздігі» содан кейінгі жылдары баспа бетін көрген емле сөздіктеріне негіз болды. Аталмыш сөздік жазуымызда көптеп кездесетін ала-құлалықты ретке келтіруге өз септігін тигізді. Ал 1952 жылы жарық көрген «Қазақ орфографиясы мен графика мәселелері» атты кітапшасы осы саладағы ғылыми ой-пікірлерге жетекші қызмет атқарды.
М.Балақаев редакторлық қызметпен де үздіксіз айналысып, 30-дан аса еңбектің басылып шығуына септігін тигізді.
Ғұлама ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде 25 жыл бойы үзбей дәріс оқып, 5000-нан астам оқытушылар мен мұғалімдер тәрбиеледі. 40-тан астам ғылым кандидаты мен докторын дайындады.
2007 жылы ғалымның 100 жылдық мерейтойы құрметіне арналған пошта маркасы айналымға енді. Түркістан қаласындағы орта мектепке ғалымның аты берілді.Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том