«Балақайлар мектебі»: Жазғы мектепалды дайындыққа 90 мың бала қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 90 мыңға жуық бала «Балақайлар мектебі» бағдарламасы бойынша мектепалды дайындықтан өтті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Балақайлар мектебі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға бірдей бастапқы мүмкіндік беру мақсатында мектепалды дайындыққа арналған «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді бағдарлама ұйымдастырылды. 

Бағдарлама мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.

— Жазғы үш ай ішінде бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен 90 мыңға жуық мектепке дейінгі жастағы бала қысқа мерзімді дайындықтан өтті. Оның ішінде қалаларда шамамен 60 мың, ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам бала қамтылды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалды дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке оң көзқарасын қалыптастыруға басымдық берілді, — дейді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Айта кетейік, мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға есептелген. Білім беру процесін білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері жүргізді.

Осыған дейін жаңа оқу жылы алдында мектеп маңындағы қауіпсіздік қатаң тексерілетіні айтылды.