Балалар арасында спорттық туризмді дамытудың қарқыны жақсы - ҚР БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 700 мыңға жуық жоғары сынып оқушылары жазғы еңбекке баулу бригадаларына тартылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.
«Биылғы жазда 1 млн. 106 мың 453 бала түрлі салаларға баулу, демалыс шараларымен қамтылды. Оның ішінде 693 мың оқушы 2 241 еңбек отрядында, 306 еңбек және демалыс лагерлерінде, 11 447 көгалдандыру бригадаларында, 564 мектеп жанындағы орманшылықтарда, сондай-ақ 4 884 жөндеу-құрылыс бригадаларында болды»,-деді министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек вице-министр балаларды шығармашылық тұрғыда шыңдауға 10 343 клуб пен 807 аула клубтары атсалысып жатқандығын, сонымен қатар соңғы кезде спорттық-туристік баулу жақсы қарқын алып келе жатқандығын және осы бағытта 241 852 бала қамтылғанын атап өтті.
«Жаз кезінде 2 303 сапарлар мен экскурсиялар, республика бойынша 1 912 туристік сапарлар мен 443 спорттық жиындар ұйымдастырылды. 78 мыңнан астам бала жазғы олимпиадалық резервтің 224 мектебіне, «Жас Ұлан» лидерлерінің 848 жазғы мектептеріне, 449 жазғы тілдік лагерлер мен 222 пікірсайыс лагерлеріне тартылды. Жалпы жазғы сауықтыру шараларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді», - деді Е. Иманғалиев.