Балалар мен жасөспірімдер АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топта қалып отыр – ЮНИСЕФ
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы әлемдегі АИТВ инфекциясына қатысты жаңа бағалаулар балалар мен жасөспірімдердің алдын алу, диагностика және емдеу қызметтеріне қол жеткізуінде әлі де елеулі олқылықтар бар екенін көрсетті, деп хабарлайды БҰҰ-ның жаңалықтар қызметі.
Халықаралық қаржыландырудың қысқаруы мен медициналық қызмет көрсетудегі іркілістер жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Сарапшылар бұл соңғы жылдары қол жеткізілген ілгерілеуді жоққа шығаруы мүмкін деп алаңдайды.
ЮНИСЕФ мамандарының бағалауынша, 2025 жылы әлемде 19 жасқа дейінгі шамамен 2,27 млн бала мен жасөспірім АИТВ-мен өмір сүрген. Бір жыл ішінде осы жас тобындағы 240 мыңға жуық адам вирус жұқтырса, шамамен 74 мың бала мен жасөспірім ЖИТС-пен байланысты себептерден қайтыс болған.
Ең күрделі жағдай 15 жасқа дейінгі балалар арасында сақталып отыр. 2025 жылы осы санаттағы шамамен 1,26 млн бала АИТВ-мен өмір сүрген. Осы кезеңде 93 мыңға жуық жаңа инфекция жағдайы және ЖИТС-пен байланысты 61 мың өлім тіркелген.
Бұл күн сайын шамамен 255 баланың АИТВ жұқтырып, 167 баланың вирусқа байланысты аурулардан көз жұмғанын білдіреді.
Инфекцияны анықтау мен емдеуге қол жеткізудегі олқылықтар
Сарапшылар инфекцияны анықтау және емдеуге қол жеткізу мәселесінде де айтарлықтай алшақтық бар екенін атап өтті.
АИТВ-мен өмір сүретін 14 жасқа дейінгі балалардың тек 65%-ы өз диагнозын біледі. Ал ересектер арасында бұл көрсеткіш 89%-ға жетеді. АИТВ жұқтырған балалардың небәрі 55%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды, ересектер арасында бұл көрсеткіш – 79%.
Жаңа мәліметтер жаһандық деңгейде АИТВ-мен күрес үшін маңызды кезеңде жарияланып отыр. Рио-де-Жанейрода өткен ЖИТС жөніндегі халықаралық конференцияда таныстырылған БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасының (ЮНЭЙДС) 2026 жылғы арнайы баяндамасында халықаралық көмектің қысқаруы, профилактикалық және қоғамдық бағдарламалардың жұмысындағы іркілістер қол жеткізілген нәтижелерді баяулатуы немесе кері кетіруі мүмкін екені ескертілді.
Негізгі бағыттар
Мамандардың пікірінше, алдағы жылдары әлемдік қауымдастық бірнеше негізгі бағытқа басымдық беруі қажет.
Бірінші кезекте АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу, сондай-ақ АИТВ, мерез және В гепатитінің анадан балаға жұғуын толық жою бағытындағы жұмысты жеделдету қажет.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің ем алуға қол жеткізуіндегі алшақтықты қысқарту маңызды. Ол үшін инфекцияны ерте анықтау, балаларға арналған терапияны жетілдіру және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету керек.
ЮНИСЕФ жасөспірімдер, әсіресе қыздар арасында АИТВ жұқтырудың жаңа жағдайларының алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ тиімді профилактикалық бағдарламаларға, сексуалдық және репродуктивтік денсаулық сақтау қызметтеріне тең қолжетімділікті кеңейту маңызды.
Сарапшылар қаржыландыру қысқарып жатқан жағдайда туындайтын проблемаларды дер кезінде анықтау және қаражатты ең тиімді бағыттарға жұмсау үшін сапалы әрі жедел деректерді пайдаланудың маңызы арта түсетінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі Оралда тіркелгенін жаздық.
Ал Ақтөбеде жарты жылда 23 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды.