Балалар мерекесі күні Қызылордада жағажай ашылады
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы күні қалалық мәдени және демалыс саябағында «Балалардың күлкісі-көркі, сәні әлемнің» атты мерекелік шара және «Балалар кітап әлемінде» кітап апталығының ашылу салтанаты, сондай-ақ қалалық жағажайдың ашылуы, Н.Бекежанов атындағы драма-театрда халықаралық, республикалық, облыстық балалар шығармашылығы конкурстарының шығармашылық концерттері өткізіледі. Ал «Мұз айдыны» МКҚК грек-рим күресі залында грек-рим күресінен 1999-2000, 2001-2002 ж.т. жасөспірімдер арасындағы біріншілік, қалалық мәдени және демалыс саябағында «Сырдария» тынығу лагеріне 150 балаға жолдама беру салтанаты ұйымдастырылып, оларды лагерьге шығарып салады. Қаладағы барлық мектептерде де осы күні күндізгі лагерлердің ашылу рәсімі өтеді.
Сонымен қатар барлық ауылдық округтерде мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Ал 2 маусым күні Бөкейхан көшесі бойындағы «Шұғыла-3» балабақшасы ашылмақ.