Балалар спорт мектептеріне жан басына шаққан қаржыландыру стандарты енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.

Ақтауда дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі ашылды 
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Түзетулер ішкі туризмді дамытуға, туристік саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған. «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңға уәкілетті органның:

— Ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін туристік өнімге кіретін билет бағасын субсидиялауға құқылы туристік өнімге;
— келу туризмі саласындағы туристік ооператорлардың шығындарын субсидиялау мөлшеріне;
— туристерді орналастыру орындарын, визит-орталықтарды салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуге қойылатын талаптарын анықтау құзыреттерін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар әкімдіктерге мемлекеттік қолдау арқылы құрылған немесе жаңғыртылған туристік инфрақұрылым нысандарын кәсіпкерлердің иеліктен шығарылмауын, оның мақсатты пайдаланылуын бақылау сынды жаңа өкілеттіктер беріледі. Оған туристік орындар, визит-орталықтары, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника, сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету нысандары кіреді. Әкімдіктерге басым туристік аймақтардың шекараларын анықтау бойынша жаңа өкілеттіктер беру оларға аймақтық ерекшеліктерді, туристік әлеуетті және осы аймақтардың инфрақұрылымдық дайындығын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл жергілікті деңгейде туризмді кешенді әрі теңгерімді түрде дамытуды қамтамасыз етеді.

Заңды екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталған түзетулер енгізді. Негізгі жаңалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққан қаржыландыру стандартын енгізу болады. Бұл әр спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 000 теңгеге дейін арттыруға жол ашады. Қазіргі орташа көрсеткіш — 233 000 теңге.

Сондай-ақ жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен мұғалімдерінің жалақысын көтеру жоспарланған. Ол біліктілік сынағынан өткен және оқу процесін ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сәйкес жүзеге асыратын мамандарға жаттықтырушылық және оқытушылық біліктілігі үшін үстемеақы енгізу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, санаты жоқ жас жаттықтырушының/мұғалімнің жалақысы 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласы үшін e-Спорт — цифрлық платформасының жұмыс істеуін заңды түрде бекіту ұсынылады. Ол спорт саласындағы әкімшілік деректерді басқаруды, жинауды, өңдеуді және талдауды автоматтандырады, сондай-ақ басқа IT жүйелерімен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрын Мәжіліс Құрылыс кодексіне Сенат енгізген түзетулермен келіскенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар