Балалар тамақтан ұшынған балабақшаның бірнеше қызметкері жұмыстан шеттетілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Санитарлық дәрігерлер «Балдәурен» бөбектер бақшасында санитарлық нормалардың бұзылғанын анықтаған. Азық өнімдерін сақтауға, кесу құралдарын таңбалауға, сондай-ақ дезинфекциялық режимге қатысты кемшіліктер тіркелген.

Сәтпаевта жаңартылған балабақша 300-ден астам баланы мектепке дейінгі біліммен қамтып отыр
Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы «Балдәурен» бөбектер бақшасында тамақтан ұшынған бір топ балаға алдын ала қойылған диагноздар расталмаған.

- Балаларға алдын ала қойылған «Анықталмаған гастроэнтерит пен инфекциялық колит және басқалары» диагноздары расталмады. Оларға «Ас қорытудың анықталмаған функционалды бұзылуы» және «Ротавирустық энтерит» диагноздары қойылды, - деп хабарлады өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова. 

Санитарлық қызмет мамандары аталған балабақшада кейбір санитарлық нормалардың дұрыс сақталмайтынын анықтаған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, кесу құралдарын таңбалау, дезинфекциялық режимге қатысты кемшіліктер тіркелген.

- Медициналық тексеруден уақтылы өтпеген қызметкерлер бар екені белгілі болды. Олар жұмыстан уақытша шеттетілді. Тексеру шаралары әлі аяқталған жоқ, - деп қосты басқарма өкілі.

Еске сала кетейік Павлодарда бір топ бүлдіршін балабақшада ұшынды. Үш бала Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылса, тағы төртеуі үй жағдайында бақылауда болған.

Соңғы жаңалықтар