Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі өзін паналатқан адамдардың көлігін ұрлап кетті
Автокөлік пен ақшаның жоғалғанын көрген үй иесі дереу 102 телефонына хабарласты. Жамбыл облыстық ІІД жедел басқару орталығы арнайы жоспарды дереу іске қосып, барлық бекеттер шетел көлігін ұстауға жұмылдырылды.
Тұрар Рысқұлов ауданындағы Алматы-Ташкент тас жолында «Ауди-80» автокөлігінің жүргізушісі жол полициясы қызметкерінің тоқтау туралы бұйрығына мойынсұнбай, жүрісін жалғастыра берді. Жарты сағат өткеннен кейін аталмыш көлік Мерке ауылына кірер жердегі Алматы-Ташкент тас жолының 364-шақырымында ЖПЖБ екінші взводының автоинспекторларының көзіне шалынды. Көлік ұрлаушы автопатрульді байқап, ізін суыту мақсатында жанар-жағар май стансысына қарай бұрылды.
«Біз күдік тудырмау үшін жеке көлікке мініп, оның артынан қудық, - дейді жол бойында кезекшілікте жүрген полиция лейтенанты Қанат Әлішев пен старшина Расул Әміров. - Автокөлік көлік жуу стансысында тұрды, ал жүргізушіні біз дәмхана ішінен құрықтадық».
Одан заттық айғақтар - автокөлік пен 22 мың теңге көлемінде ақша тәркіленді. Күдікті азамат істеген ісін мойнына алды. Оның ойынша, ол балалар үйіндегі жолдастарын сағынып кетіп, соларды әсерлендіру үшін автокөлікпен барғысы келген.
ҚПБ-3 тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ләззат Досекеева хабарлағандай, ұсталған азамат өзін паналатқан азаматтардың бағыттық автобусында жүргізуші болып екі айдан астам уақыт жұмыс істеген. Көлік ұрлығы үшін ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.