Балалар үйлерінен шыққан 12 мың жастың тек 84-і мемлекеттік қордан үй алды - ҚР БҒМ

Олардың тек 7 пайызы ғана баспанамен қамтылған. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты облыстық құрылымдардың қатысуымен өткен республикалық кеңесте вице-министр Махметғали Сарыбеков осындай мәліметті жария етті.
Министрдің орынбасары атап көрсеткендей, бүгінгі таңда елімізде балалар құқықтарын қорғау саласында қордаланып қалған мәселелер көп. Атап айтқанда, балаларға зорлық-зомбылық жасау, олардың еңбегін заңсыз пайдаланып, қараусыз қалдыру сияқты заң бұзушылықтар әлі күнге дейін болып жатады.
«Республикада жыл сайын 13 мыңнан астам отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың қатарына қосылады. Жылда 4 мың бала ата-анасының қарауынсыз қалады. Осыған байланысты біз өз жұмысымызды үйлестіріп, қоғамды аталған проблеманың зардаптары туралы жан-жақты хабардар етіп отыруымыз қажет», - дейді М.Сарыбеков.
Сондай-ақ вице-министр балалар үйі мен интернат түлектерін баспанамен қамту мәселесін көтерді. «Бүгінде республика бойынша осы санаттағы 12 мың бала бар. Олардың тек 7 пайызы ғана баспанамен қамтылған. Соңғы бес жылдың ішінде 619-ақ пәтер интернат түлектеріне берілді. Сондықтан біз тағдыр тәлкегіне түскен осындай балаларды бүгінгі өмірге бейімдеудің тиімді жүйесін әзірлеуіміз қажет», - деп атап көрсетті М.Сарыбеков.
Айта кетейік, бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігі барлық облыстарда Балалар құқықтарын қорғау департаменттері сияқты жаңа құрылымдарды ашты. Ол арқылы министрлік осы мәселені барынша бақылап, халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.