Балалар үйінің тәрбиеленушісі республикалық сұлулық фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды

сұлулық
Фото: Kейіпкердің жеке мұрағатынан

Алматы қаласында өткен дәстүрлі New Year's Stars 2023 республикалық бал-фестивалінде Солтүстік Қазақстан облысы Полудин елді мекеніндегі өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі байқаудың басты тәжін және «Super grand prix» атағын иеленді, деп хабарлайды Kazinform. 

СҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазылар алқасының шешімімен М.Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Томирис Лопарева үздік атанды. Ол байқаудың арнайы тәжінен бөлек, қазылар алқасы мүшелерінің дипломымен және ең үздік дарын иегері дипломымен марапатталды.

Байқау үш негізгі кезеңнен тұрды: карнавал костюмдерін киіп шығу, шығармашылық өнер көрсету мен бал көйлектерімен дефиле.

Байқаудың бірінші кезеңінде Томирис даналық пен әділеттіліктің нышаны – Самұрық құстың бейнесінде сомдады. 

сұлулық
Фото: Kейіпкердің жеке мұрағатынан

Шығармашылық байқауда қазылар алқасының алдына Жапон көбелегі костюмін киіп «Полет танцующей бабочки» деп аталатын би биледі.

Байқаудың үшінші кезеңінде байқауға қатысушылар өздерінің кешкі және бал көйлектерін көрсетті.

Ұстаздарының айтуынша, Томирис Лопарева 5-сыныпта оқиды. Өте белсенді және ақкөңіл қыз. Білмекке құштар. Ермексазды пайдаланып сурет жасау өнерімен айналысады. Спортпен, бимен шұғылданады. 

сұлулық
Фото: Kейіпкердің жеке мұрағатынан

«Байқау өте ұнады. Мен Қазақстанның ең әдемі және дарынды қыздарымен кездескеніме өте қуаныштымын. Би билеуге шыққан кезде қатты қобалжыдым, бірақ білдіртпеуге тырыстым. Жоғары жетістікке жеткеніме қуаныштымын! Тәрбиешілеріме, достарыма, мені қолдаған жанкүйерлерге және демеушілерге алғысым шексіз», - дейді байқаудан алған әсерімен бөліскен Томирис.

Соңғы жаңалықтар