Балалар үйінің түлектері үлкен өмірде қандай кедергілерге тап болады

жетімдер
Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада балалар үйі түлектері туралы «Мемлекеттің балалары» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Фильмді Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген.

Деректі фильм Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қоғамға әлеуметтік интеграциясы және бейімделуі» атты 2022 жылғы зерттеуі негізінде түсірілген.

Бұл баяндамада интернат мекемелердегі балалардың психоэмоционалды даму ерекшеліктері, олардың құқықтық мәртебесі, білім алу, жұмысқа тұру және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мәселелері зерттелген.

«Бұл фильм институтымыздың зерттеуі негізінде түсірілді. Әдетте ғылыми ұйымдардың зерттеулері көпшілікке жете бермейді. Әйтпесе пайдалы зерттеулер елімізде көптеп жасалады. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрінің бастамасымен «Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары консорциумы» құрылды. Консорциум мақсаты – аталған бағыттар бойынша зерттеулерді жүйелеу және насихаттау. Фильм осы консорциум аясында жарық көріп отыр»,- деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани.

Айта кетейік, фильм 4 кейіпкердің оқиғасы негізінде балалар үйі түлектерінің бірқатар мәселесін қозғайды. Олардың өмірі интернаттан түлеп шыққан соң қалай өрбитіні, қоғамға бейімделуі кезінде қандай қиындықтарға тап болатыны және қалыптасқан стереотиптер салдарынан қандай кедергілерге ұшырайтыны баяндалған.

«Жыл сайын мыңға жуық жетім бала интернат мекемелерден түлеп шығып, үлкен өмірге аяқ басады. Өмірден лайықты орнын табу барысында олардың кейбіреулері қалыптасқан стереотиптер кесірінен жұмысқа тұра алмаса, екіншілері құқығын қорғап, өзіне тиесілі көмекті ала алмайды, енді біреулері дәрігерге қалай қаралу керегін де білмейді. Қазір Қазақстанда осындай 22 081 жетім бала бар. Олардың 82%-ы – әлеуметтік жетімдер, яғни, ата-анасы тірі болса да, түрлі себеппен олардың қамқорлығынсыз қалған балалар. Өкінішке қарай, бұл факт елдегі жетімдердің мәселелерін шешу қажеттігін ғана емес, бастапқы себебі – отбасы институты проблемасына назар аудару керегін меңзейді», - деп жазылған фильмнің сипаттамасында.

Деректі фильмді бүгіннен бастап Қазақстандық қоғамдық даму институтының YouTube арнасынан көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар