19:47, 30 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Балалар жаңажылдық мерекені облыс басшысымен бірге тойлады
ОРАЛ. Желтоқсанның 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері жаңажылдық мерекені облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге тойлады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысымен бірге шыршаны айналып, ән салып, би билеген балалар қуанышқа бөленді. Мектеп-интернатты аралап көрген облыс әкімі ғимараттың тарлығы алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді. Тәрбиеленушілерге дыбыс күшейткіш аппарат тарту етіліп, тәттілер үлестірілді.
Мектеп-интернат директоры Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, білім ордасында 123 бала дәріс алуда. 2009 жыл республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген балалар үшін жеміссіз болған жоқ.