Балалар жылында бүлдіршіндерді қолдау бағытында қандай шаралар ұйымдастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев Балалар жылында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар жылында бүлдіршіндерді қолдау бағытында қандай шаралар ұйымдастырылды

«Президенттің 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы туралы Жарлығының негізінде Үкімет қаулысымен ағымдағы жылғы іс-шаралар жоспары қабылданғаны белгілі. Жоспарда 7 бағыт бойынша 66 іс-шара қамтылған. Осыған сәйкес, өңірлік, аудандық және қалалық жоспарлар бекітілді. Балалар жылында 4 790 718 бала білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларындағы түрлі шығармашылық, зияткерлік, спорттық, сауықтыру және әлеуметтік жалпы алғанда 500 мың түрлі іс-шаралармен қамтылды. Жалпы, Балалар жылын іске асыруға 12 орталық, 20 жергілікті мемлекеттік орган, 130 үкіметтік емес, 20 мыңнан аса оқу ұйымдары қатысты», - деді Ғани Бейсембаев.

Вице-министр жұмыстарды қорытындылай келе, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан балалардың құқығын қорғау жөніндегі 15 халықаралық құжатты ратификациялағанына тоқталды. Оның алғашқысы - Бала құқықтары туралы Конвенция болды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен кепілдіктерін реттейтін 50-ге жуық нормативтік құқықтық актілер қабылданып, күшіне енген.