Балаларды дзюдоға мектеп қабырғасында баулудың маңызы жоғары – жаттықтырушы
ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылы мектептерде дзюдо секция түрінде енгізілмекші. Осыған орай Kazinform тілшісі дзюдо күресінен жоғары санаттағы жаттықтырушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында тұратын Қасым Қаженовке бірнеше сауал қойған еді.
– Қасым Маратұлы, Президент тапсырмасымен қолға алынған бастамаға маман ретінде пікіріңіз қандай?
– Бұл – қазақ дзюдосы спорты тарихындағы керемет жаңалық. Дзюдо күресі тек жапондардың ұлттық спорты ғана емес, даму жағынан әлемде футболдан кейінгі орында тұр. Франция секілді көптеген мемлекетте мектеп бағдарламасына енгізілген. Мемлекет басшысының қолдауымен, міне, енді осы жобаның еліміздегі мектептерде де жүзеге асатыны қуантады. Халықаралық дзюдо федерациясының арнайы жеңілдетілген бағдарламасы негізінде жеткіншектеріміз дзюдо әліппесін меңгеріп, жаттығады. Бұл – бірегей мүмкіндік. Оған елдегі мемлекеттік ұйымдармен қатар ауыл-аймақтағы қарапайым бапкерге дейін үлес қосуы керек деп есептеймін.
– Жобаны өз деңгейінде жүзеге асыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бағдарлама аясында алдымен ауылдық жерлерге жас дзюдо мамандарын тартып, оларға жағдай жасау керек. Мұның оңайлықпен іске аспайтыны белгілі. Сондықтан спорт пен білім саласы, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мейлінше қолдау қажет.
Екіншіден, жобаға байланысты ауыл мектептері спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Әр ауданда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болғанымен, бәрін секциямен қамтамасыз ете алмайды. Енді спортқа ынтызар ауыл халқы баламды қайда беремін деп уайымдамайтыны хақ. Кезінде ел намысын абыроймен қорғаған талай саңлақтың ауылдан шыққаны мәлім. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің болашақта жолын жалғастыратын балуандарды баптасақ, көк туымыз әлемдік додаларда көкте желбірей берері анық.

– Бөрлі ауданында қазіргі кезде қанша бала дзюдо спортымен айналысады? Балаларды жаттықтыруда, жалпы осы спортқа қатысты шешімін таппай жатқан қандай мәселелер бар?
– Біздің ауданда 300-ге жуық бала дзюдо, самбо және қазақ күресімен айналысады. Соның ішінде өзіміз еңбек етіп, тер төгіп жүрген аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тек үш ауылдық округті ғана қамтып отыр. Алдағы уақытта Ақсу ауылында филиалын ашу жоспарда бар. Бұл сонда да аз деп ойлаймын. Мұның себебі – спорттық құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Мысалы, татамидің өзі таптыра бермейді. Екіншіден, жас мамандарды тартудың қиындығы және бар. Үшіншіден, мектепте сағат жүктемесі жетіспейді. Осы орайда елімізде жүзеге асырылатын жаңа жоба арқылы көптеген ауылды қамтимыз деген үміт бар.
– Қазақстанда шахмат, теннис сияқты спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу қолға алынғаны белгілі. Енді оның қатарына дзюдо да қосылады. Жалпы, аталған спорт түрінің басқа спорт түрлерінен ерекшеліктерін айтып өтсеңіз...
– Дзюдо тек күрес қана емес, ең бірінші – тәртіп, тазалық және қарсыласқа деген құрмет. Ұстазды сыйлау, ата-ананы қадірлеуге үйретеді. Осы қағидаларды бапкер ретінде әр жаттығу барысында айтып, талап етіп отырамыз.

– Балалардың дзюдомен неше жастан бастап айналысқаны дұрыс?
– Баланы дзюдоға 9-10 жастан бастап берген жөн деп есептеймін. Сонда ол бірте-бірте жаттығып, уақыт өте келе күрес тәсілдерін меңгереді, шеберлігін жетілдіре түседі. Жастайынан спортпен айналысып, шыңдалып өскен жеткіншек қатарынан кем қалмай, өмірден өз орнын табады. Намысты жас болып қалыптасады. Қазіргідей жаһандану кезеңінде түрлі құбылмалы жағдайлар тіршілігімізге дендеп еніп жатқаны белгілі. Міне, осындай уақытта қиыннан жол таба білетін жас қана оза алады. «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» дегендей, әрине, білім де керек. Сонымен қатар білекті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі дәуірдің қажеттілігі.
– Әңгімеңізге рахмет. Жемісті еңбек ете беруіңізге тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдер Азиадасының чемпионының спорттағы мақсаты туралы айтқанын жазған едік.