Балаларды көлікке отырғызып-түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту қажет - депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысында депутат Айжан Наимбекова білім беру ұйымдарының балаларды күнделікті тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне қатысты мәселе көтерді. Депутат осыған орай бірден Көлік, Ішкі істер және Оқу-ағарту министрлеріне сауал жолдады.

Айжан Наимбекова
Фото: instagram.com/aizhan_naimbekova

- Бүгінде балалар күн сайын балабақшаларға, мектептерге және спорт секцияларына тасымалданады. Алайда мұндай тасымал кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік бақылау тетіктері әлі де жетілдіруді қажет етеді. 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып, 12 409 бала жарақат алған. Ал биылғы жылдың басынан бері 200-ден астам бала жол апатынан көз жұмған. 285 бала! Бұл – жай ғана сан емес. Әр санның артында баласынан айырылған отбасының қайғысы тұр, - деді ол.

Осы орайда депутат елімізде болған бірқатар қайғылы оқиғаларға тоқталды.

- 2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің жанында түсіріп, кейін байқамай көлікпен қағып кеткен. Бала көз жұмды. Ата-анасы баласын балабақшаға сеніп тапсырды. Бірақ ол үйіне қайта оралмады. 2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала, ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында тағы үш бала жол апатынан көз жұмды. Екі жағдайда да сапар туралы құзырлы органдарға алдын ала хабарланбаған, - деді Айжан Наимбекова.

Депутаттың дерегінше, 2026 жылы полиция тексерген үш мыңнан астам мектеп автобусының шамамен 400-інен техникалық ақаулар анықталған. Сонымен қатар қараша айының басында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала отырғызылғаны туралы ақпарат тараған.

- Сондықтан төрт бағыт бойынша нақты шешімдер қажет. Біріншіден, балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту қажет. Екіншіден, балаларды тұрақты тасымалдайтын көлік құралдарының бірыңғай тізілімін құру керек. Үшіншіден, министрліктердің құзыреті мен жауапкершілігі нақтылауы тиіс. Төртіншіден, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік ұйымдарға да міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу керек, - деді ол.

Осыған байланысты Айжан Наимбекова Оқу-ағарту, Ішкі істер және Көлік министрліктерінен:

- балаларды ұйымдасқан және тұрақты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды, бірыңғай көлік тізілімін қалыптастыруды және жол-көлік оқиғаларын жеке есепке алу мен талдау жүйесін енгізуді;

- жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан нақтылауды;

- балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтуді, министрліктердің өзара іс-қимыл тәртібін, ақпарат алмасу тетіктерін және осы шараларды орындау мерзімдерін айқындауды сұрады.

- Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі бірдей құнды. Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс, - деді депутат.

Бұған дейін депутат Айсұлу Сүлеймен параспортқа қолжетімділікті кеңейтуді ұсынған еді.