Балаларды ұлттық киім тігуге баулиды: ШҚО-дағы қолөнер үйірмесіне қызығатындар көп

наурыз
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы балалар шығармашылық үйінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін түрлі үйірмелер бар. Соның бірі – қолөнер үйірмесінде балалар халқымыздың көнеден келе жатқан киім-кешектерін, сан алуан бұйымдарын заманауи үлгіде тігуге үйренуде. 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Kazinform тілшісі осы балалар шығармашылық үйінің директоры Ләйлә Уалшаевамен сұхбат құрған еді.

— Балаларды ұлттық киім тігуге баулитын қолөнер үйірмесінің жұмысы жайлы айта кетсеңіз?

— Бүгінгі таңда бізде барлығы 24 үйірме бар. Түгелдей тегін. Соның ішінде «Алтын саусақ», «Шебер қолдар», «Қолөнер» үйірмелері балалардың қол моторикасын дамытады. Балалар ине-жіппен, тігін машинасымен қазақтың ұлттық киімдерін тігуді үйренуде. Соңғы уақытта тренд болып жатқан тақияны түрліше қылып тігіп, өз талғамдарына қарай заманауи үлгіде сәндейді. Қабырғаға іліп қоюға болатын, ішіндегі суы төгілмейтін қазақтың байырғы ыдыс салғышын да жасайды. Көйлектер мен құрақ көрпелер тігіп, қамшы да өреді.

наурыз
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

— Үйірмеге қанша бала қатысып жүр?

— «Қолөнер» үйірмесіне 30-ға жуық бала қатысады. Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Күн өткен сайын үйірмеге келетіндер көбеюде.

қолөнер
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

— Өздеріңіз жұмыста ұлттық киімді қаншалықты жиі киесіздер?

— Жұмыстағы формамыздың өзі ұлттық оюмен өрнектелген. Оны тіккен — «Алтын саусақ» үйірмесінің жетекшісі Күләйса Алпамысқызы. Классикалық стильдегі желеткеге ою салып осындай ерекше дизайнмен жасап шығарды. Жалпы балалар шығармашылық үйінің табалдырығын аттай салысымен-ақ қазақтың салт-дәстүрінің, мәдени мұрасының иісі аңқып тұрады.

киім
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

— Балалар шығармашылық үйінде тағы қандай үйірмелер бар?

— Спорттан «Тоғызқұмалақ», қазақтың ұмытылып бара жатқан ойыны — «Бестемше», шаңғы, футбол сынды үйірмелер жұмыс істейді. Одан кейін сурет салу, ақындық, туристік өлкетану, риторика және журналистика, ағаш шебері үйірмелері бар. Солардың әрқайсысына білікті мамандар жетекшілік етуде.

киім
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

— Аудан жастарының ішінен сіздерден тәлім алып, биікті бағындырып жатқандар бар ма?

— Өз қолдарымен тіккен киімдерді, бұйымдарды аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға ұсынып жеңімпаз атанып жатқан шәкірттеріміз баршылық. Қайда барса да қанжығалары бос қайтпай, жүлделі орындарды алып келеді. Біздің балалардың тіккен киімдеріне, жасаған бұйымдарына сұраныс көп.

киім
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

Бір айта кетерлігі, қазір ата-аналар түгелдей бауыр еті балаларына ұлттық дәстүрімізді сіңіріп, қазақы тәрбие бергісі келеді. Оқушылардың өздері де қызығып, зор құлшыныс білдіруде. Бұл қуантарлық жайт.

қолөнер
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

— Наурыз мейрамында елге айтар тілегіңіз қандай?

— Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, күн мен түннің теңелген күні — Наурыз мейрамы баршаңызға құт-береке әкелсін! Елімізге іргесі сөгілмеген бірлік, халқымызға ырысы төгілмеген тірлік тілеймін. Бастарыңыздан бақ кетпесін. Еліміз дами берсін!

Ләйлә Уалшаева
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан
қолөнер
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан
тігін
Фото: Ләйлә Уалшаеваның жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum