Балаларды ұрған павлодарлық тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Павлодардағы балабақшаның бірінде балаларды шашынан жұлқып, шапалақпен ұрып жатқан әйел адамның бейнежазбасы тарап кетті.

Аталған видеоны балабақшаның ата-аналары бейнебақылау камераларынан түсіріп алған. Әлгі жазбада әйел адамның бүлдіршіндерді шапалақпен бетінен ұрып, шашынан, қолынан жұлқылап жатқанын көруге болады.
Бейнежазба № 116 балабақшадан түсірілгені көрсетілген. Аталған жазба жарық көрісімен оқиға орнына бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева барып, балаларға қатыгездік көрсету дерегін анықтауға кіріскен. Ал полиция видеода балаларды ұрып-соққан әйел адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады. Сондай-ақ, балабақша басшылығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, — деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал қалалық білім беру бөлімі № 116 сәбилер бақшасындағы тәрбиешінің балаларға қол көтеру дерегі бейнежазбалармен расталғанын хабарлады.
— Білім беру бөлімі қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр, оның нәтижесінде сәбилер бақшасы мен тәрбиешіге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең қатаң шаралар қабылданады, — деп хабарлады білім беру бөлімінен.
Еске сала кетейік, Жезқазғанда 3 жасар баланы ұрған тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты.