Балалардың 34%-ы өз аккаунттарында дөрекі хабарламалар алған — зерттеу
АСТАНА. KAZINFORM — 5-8 жас аралығындағы балалардың 40 пайызы күн сайын бос уақытын ғаламторда өткізеді.

Бұл туралы елордада бала тәрбиесіне жөніндегі халықаралық конференция қатысушыларына арналған құттықтау хатында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.

Атап айтқанда, министрдің сөзін форумда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен оқып берді.

— «Kazakhstan Kids online» (ЮНИСЕФ 2023) зерттеуіне сәйкес, 5-8 жас аралығындағы қазақстандық балалардың 40 пайызы күн сайын бос уақытын интернетте өткізеді. Бұл көрсеткіш ғаламтордың кеңінен дамуы аясында алдағы уақытта арта түсуі мүмкін. Банктер балаларға цифрлық қызметтер мен банктік карталарды белсенді түрде ұсына бастады. Осы жағдай балалар мен жасөспірімдердің онлайн-алаяқтыққа тап болуы қаупін арттырады, — деді А. Балаева.
Сарапшылардың мәліметінше, әлеуметтік желілердегі балалар аккаунтарының 44 пайызы ашық екені анықталған. Балалардың 15,3 пайызы күн сайын интернетте өздерін ренжітетін деректерді кездестіретінін, сондай-ақ жеткіншектердің 34,5 пайызы өз аккаунттарында дөрекі немесе тіл тигізетін хабарламалар алғанын атап өткен.
Зерттеуге сәйкес, балалардың тек 4,8% пайызы ғана ата-аналарына проблемалар туралы хабарлаған, ал қайғылы жағдайлардың көпшілігі ата-аналарымен дұрыс тіл табыса алмауының салдары саналады.

— Осыған байланысты салалық бағдарламаларға жауапты ата-ана факторы енгізілуі тиіс, — деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада балалар мен жастар тәрбиесіне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.