Балалардың интернеттен не көріп отырғаны ата-аналардың ерекше бақылауында болуы керек - министрлік

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты алаңдаушылық білдіруде.

интернет
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Интернет желісіндегі кез келген қауіп-қатердің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту мақсатында Комитет бұл салада жауапты мемлекеттік органдар – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ҚР Ішкі істер министрлігіне зиянды цифрлық ойындарға мониторинг жүргізу және бұғаттау бойынша шешуші шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады.

Сондай-ақ Комитет бұған дейін балалардың онлайн қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған науқандарға бастамашы болғанын еске саламыз. Атап айтқанда, жағымсыз контентке қол жеткізуді шектеу үшін «Ата-ана бақылауы» функциясын орнату. Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізіліп, балаларға интернеттегі қауіп-қатерден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп пен сыни сағатта дұрыс мінез-құлық таныту жөнінде түсіндірілуде.

«Біздің басты міндетіміз - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ата-аналар балаларының қолданатын сайттарын қадағалап, оның онлайн белсенділігіне ерекше назар аударуы керек. Әсіресе, ата-ана бақылауының қолжетімді құралдарын міндетті түрде қолдану қажет. Баламен күнделікті қарапайым ғана әңгімелесу, балалардың өміріне қатысу - олар үшін қауіпсіз кеңістік құрудың жалғыз жолы. Өз кезегінде жауапты мемлекеттік органдар мұндай қауіп-қатерлерге тосқауыл қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Бұл мәселенің түбегейлі шешілуін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бақылауда ұстайтын болады.

Соңғы жаңалықтар