Балаларды қорғау күніне орай «Шымбұлақта» ұйымдастырылған мерекеге 3 мыңға жуық адам қатысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында кең-көлемді мерекелік шара ұйымдастырылды.
None
None

Оған алдын ала деректер бойынша 3 мыңға жуық адам қатысты. Олардың тең жартысы - балалар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешке дейін адамдар саны үш мыңнан асып жығылуы мүмкін.

«Бүгін он бес жасқа дейінгі балаларға аспалы жол тегін болды. Өткен жылы он үш жасқа дейінгі балалар аспалы жолмен тегін жүрген болатын. Биыл қала тұрғындары мен қонақтары және балалар көптеп келуде. Біздің аниматор өнерпаздарымыз балалар арасында әр түрлі қызықты ойындар өткізіп жатыр. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады», - деді өз сөзінде «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайының маркетинг менеджері Сая Оқас.

Сонымен қатар, Сая Оқас «Шымбұлақтың» жыл он екі ай жұмыс істейтіндігін және биылғы жазғы маусымда келушілер үшін бірқатар жаңа шаралар ұйымдастырылатындғын жеткізді.

«Жалпы, «Шымбұлаққа» бір жыл ішінде жарты миллиондай адам келіп демалады. Ал олардың 40 пайызы жазда келеді. Неге? Өйткені мұнда белсенді демалуға арналған түрлі шаралар өтіп тұрады. Олардың ішінде тау велосипедімен, баггимен жарыстар өтеді. Тауға жорықтар жасалады. Биыл тұңғыш рет маусым айының ортасынан бастап, жексенбі сайын «Шымбұлақта» «Таудағы йога» шарасы ұйымдастырылатын болады. Одан басқа, аты әлемге танымал альпинист Мақсұт Жұмаевтың жетекшілігімен жаздың басынан аяғына дейін балалардың демалуына арналған «Балалар палаткалық лагері» құрылады. Онда балалар табиғат аясында, өркениеттің жетістіктерінсіз, яғни электр қуатынсыз, жарықсыз өмір сүруге, табиатты аялай білуге үйренеді. Ал белгілі цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов келіп, олармен мамандық таңдау бойынша дәрістер өткізеді», - деді С. Оқас.

Айта кетілік, бүгін Іле Алатау ұлттық саябағында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты мен «Ассорти» мейрамханалар желісінің ұйымдастыруымен «Таза таулар» шарасы ұйымдастырылды. Онда 500 астам қала тұрғындары мен қонақтары және басқа да еріктілер тау шатқалдарын қоқыстан тазартау жұмыстарын жүргізді.

Шынында да бүгін «Шымбұлаққа» келген балалардың қуаныштарында шек болмады. Аниматорлар ұйымдастырған түрлі ойындарға қатысып мәз-мейрам болысты. Барлығына сыйлықтар үлестірілді.

Соңғы жаңалықтар