Балаларды неше жастан бастап жұмысқа алуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Ішкі министрінің орынбасары Марат Қожаев балаларды қанша жастан бастап жұмысқа алуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ өкілінің айтуынша, балаларды жұмысқа алу мәселесі заңда жас мөлшерімен қатар еңбек уақыты бойынша да шектеулермен реттеледі.

«Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандар жұмысқа 14 жастан бастап тартыла алады. 14-16 жас аралығында олардың еңбек жүектемесі аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс. Ал 16 жастан асқандарға апталық жүктеме 36 сағаттан артылмауы керек», - деді министрдің орынбасары.

Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның айтуынша, баланы жұмысқа алуда еңбек ауырлығына қатысты да талаптар бар.

«Баланы 14 жастан бастап жұмысқа алуға болғанымен, еңбектің қаншалықты ауыр екені ескерілуі керек. 15 жасқа дейінгі балар өндірістік немесе шаруашылық жұмыстарға тартыла алмайды. Олардың еңбегін тек кино саласында, телевизияда, цирк пен театрда, концерттік жобаларда пайдалануға болады. Ал өзге жұмыстарға тек 15-тен асқан балалар ғана тартылады», - деді Сәуле Айтпаева.

Соңғы жаңалықтар