«Балаларды тәрбиелеу ісіне мемлекеттің де араласқаны жөн» - баспасөзге шолу

***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесті. Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің мейлінше өзекті жайттары қарастырылды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Мүдделелер мен мүмкіншіліктер екшелген ек і жақты кездесу» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымның жазуынша, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы Ауғанстан Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары екі ел қарым-қатынастарына тың серпін беретініне сенім білдірді. Ұлы Дала елі мен Ауғанстанның тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі достық қарым-қатынастары, берік мәдени-рухани байланыстары бар екенін айтты. Қазақстан Президенті, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынас бірнеше ғасыр бұрынғы Қазақ хандығы мен Ахмад-шах Дурранидің кезінен бастау алатынына да назар аударды. «Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай екеніне және геологиялық барлау жұмыстарына тартылуы мүмкін мамандардың Қазақстанда да бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы келіссөздер аясында екі елдің тиісті қызметтерінің терроризмге қарсы күресте өзара ықпалдасу мәселелері талқыланғанын айта келе, экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын, тыныштық пен өзара келісім негізінде арттыру екі ел үшін де негізгі басымдық болып саналатынына назар аударды», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» газеті сот жүйесін жетілдіруге байланысты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың талаптары Парламент қабырғасында қалай орындалып жатқаны туралы білікті заңгер, Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі Оңалсын Жұмабековпен сұхбат жүргізген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Республикада соттар қараған істердің саны жылдан-жылға өсіп келеді. 2013 жылы соттар 1,1 млн. азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер қараған болса, 2014 жылы істердің саны 1,2 млн.-нан асты. Соттар жеке және заңды тұлғалардың өз мүдделерін қорғауға жүгінетін негізгі инстанциясына айналды. Қоғамда соттарға деген сенім деңгейі де өсіп келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өткізілген әлеуметтік сауалдама нәтижесіне қарасақ, респонденттердің сот қызметімен қанағаттанушылығы 71,3%-ға жеткені айтылды. Сот жүйесі үшін бұл жақсы көрсеткіш», - дейді. Сұхбат «Сот жүйесін жетілдіру заман талабы» деген тақырыппен берілген.
***
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Алматы әкімшілігі бас болып, желтоқсан айының алғашқы күндері Республика сарайында аламан айтыс өтпек. Бұл айтыстың жолы бөлек. Бұл жолы ақындар алтын домбыраны жеңіп алу үшін сайысқа түседі. Аламанға қатысатын ақындардың ешқайсысы осал емес. Олар бұған дейін талай айтыстарда топқа түсіп, топ жарған кіл мықтылар. Дүбірлі айтыста айтыскер ақындар «Тәуелсіздікке тағзым» етпек. Осыған орай, қазақтың дәстүрі айтыс өнерінің жанашыры, белгілі ақын Жүрсін Ерманға «Айқын» газеті бірқатар сауал қойып, тұщымды жауап алған. «Жоғарыда алтын домбыраны жеңіп алған үш ақынның атын айттым. Үшеуін де айтысқа шақырдым. «Алтын домбыра иегерлерінің айтысқа қатысуға құқы бар» деп сайтқа да салып қойдық. Балғынбек Имашев Талдықорғанда өткен айтыста «айтысты қойдым» деген екен. «Қатыспаймын» деп шақыруымыздан бас тартты. Жандарбек Бұлғақов та белгісіз себептермен айтысқа қатысудан бас тартып отыр. Тек Мұхтар Ниязов қана бар. Біз ешкімнің бетінен қағып, жел боп тиіп отырған жоқпыз. Олай істеуге себебіміз де жоқ. Кез келген талантты ақындардың айтысқа қатысуға мүмкіндігі бар. Әр өңірдің ақындарын бөле жармай, сайысқа қатыстыруға тырыстық. Бұл айтыстың тақырыбы «Тәуелсіздікке тағзым». «Алтын домбыраның» да негізгі мақсаты тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ақындардың басын қосып, жыр жәрмеңкесін жасау», - дейді Ж.Ерман.
«Егер қандай да бір адам өз перзентін радикалды ағымдарға икемдеп жатса, ол отбасының бала тәрбиелеу ісіне мемлекет араласуы қажет. Кеше елордада өткен «Жастар арасындағы экстремизмнің алдын алудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда құқық қорғау ведомствосының лауазымды тұлғасы осындай елді елең еткізген ұсыныс айтты», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Балаларды тәрбиелеу ісіне мемлекеттің де араласқаны жөн» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, жиында айтылғанындай, бүгінде Қазақстанда барлығы 18 дәстүрлі дін өкілдері «бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, тәуелсіз мемлекетті нығайту жолында еңбек етуде». Бұл ретте мемлекеттің ұстанымы айқын: оны Елбасының өзі: «мемлекетіміздің зайырлы сипаты Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты» деп тұжырымдаған. Сонымен бірге елімізде қарау ниетті миссионерлердің, жат ағым өкілдерінің бей-берекет тайраңдауына жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар қатысушылар діни экстремистік және террористік ұйымдардың өз қатарына жастарды тартуына, соның ішінде Таяу Шығыстағы қанды қырғындарға жастарымыздың қатысуына үлкен алаңдаушылық білдірді. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Д.Разуевтің пікірінше, ең бастысы, жастарға экстремизмнің дінмен ешқандай байланысы жоқтығын түсіндіру керек. «Біз, құқық қорғау органында өз жұмысымызды қайта құрудамыз, деді ол. Мысалы, интернетті «экстремистік идеялар таратылатын басты көз» ретінде тани отырып, өзіміз де ғаламторға шығудамыз. Атап айтқанда, онлайн-конференциялар өткізуді тәжірибеге енгіздік. Оған министрліктің орталық аппараты да, аумақтық ішкі істер бөлімшелері де тартылады. Бұл ретте жастармен жұмысқа баса мән берудеміз».