Балаларға арналған ұлттық ойындардың түрі қандай

Қазақта балаларды қырағылыққа, шапшаңдық пен мергендікке, шымыр болуға шыңдайтын ойын түрлері көп. Кейінгі кезде асық ату, бесасық, садақ ату ойындары қайта жанданып, мектептерге үйірмелер қосылды. Сонымен бірге тоғызқұмалақ ойындарынан әлем чемпиондары шығып жатыр. Балаларға арналған тағы қандай ұлттық ойындар бар? Kazinform тілшісі мамандардан сұрап білді. 

Балаларға арналған ұлттық ойындардың түрі қандай
Фото: Алтынай Сағындықова

Ұлттық ойын бұл халықтың рухани мұрасы – педагогика ғылымдарының кандидаты

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Гүлшат Рахметжанқызы ұлттық ойын туралы айтқан кезде әңгімені қазақ балалар фольклорынан бастағанды жөн санайды.

– Балалар фольклоры – халықтың ғасырлар бойғы өзіндік таным-тәрбиелік елегінен шыққан асыл мұра. Осылай баға беруге болады. Фольклорлық ұғымдардың ең ауқымдысы – ұлттық ойындар. Ұлттық ойын деген не? Ұлттық ойын бұл халықтың рухани мұрасы, тәрбиенің қайнар көзі, баланың танымдық-тәрбиелік, тұлғалық болмысын қалыптастыратын баға жетпес құрал, - деді Гүлшат Бахтиярова.

Балаларға арналған ұлттық ойындардың түрі қандай
Фото: Алтынай Сағындықова

Елімізде зерттеушілер, ғалымдар ұлттық ойындарды топтастырудың бірнеше нұсқасын ұсынған. Мәселен Б.Төтенаевтің «Қазақтың ұлттық ойындары» атты еңбегі бар. Мұнда ұлттық ойындардың мән-маңызын ашып көрсетті. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Бахтиярова «Халық тағылымы – тәрбие қайнары» атты еңбегінде балалар ойындары, жастар ойындары және спорттық ойындар деп үшке бөлді. Оның айтуынша, кейбір ғалымдар сөздік ойындар тобын да топтастырады. Себебі бұл дене шынықтыру, қимыл-қозғалыс қана емес, баланың тілін шығару, ақыл-ойын дамытудың құралы.

– Жастар ақсүйек, алтыбақан, көрші секілді ойындар ойнайды. Бұл балаларға арналмаған, ақсүйек халық арасында кең тараған ойын түрі. Кешкі сауықта ауыл жастары, қыз бен жігіт арасындағы сыйластықты әдемі көрсетеді. Балалар ойындарына ақсерек-көксерек, санамақ, қаламақ, соқыртеке, тоғызқұмалақ, ханталапай, асық ату ойындары кіреді. Ұлттық ойындардың жалпы мазмұнына үңіліп қарасақ, тұрмыс-тіршілік және тұрмыс-тіршілік көзінің төрт түлік малмен тығыз байланысын, табиғи сабақтастықпен өрілген керемет халықтық шығармашылықты байқаймыз. Асық, ақсүйек дегеннің өзі мал сүйектерін тануға септігін тигігетін дүниетаным құралы болып тұр. Баланың жеке тұлғалық болмысын қалыптастырушы, әлеуметтендіруші құрал. Бұл ойындардың қай-қайсысы да баланы ең алдымен тапқырлыққа, сондай-ақ ұжымдық ойындар кезіндегі дербестікке ұмтылуға, белсенділікке, шымыр болуға, ептілікке икемдейді, - деді педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Бахтиярова.

Ғалымның айтуынша, заман өзгергенімен ұлттық ойындар өз мәнін жоғалтпады. Керісінше, қайта түлеп, жаңғырды. Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты да ұйымдастырылып жүр. Бұл спорт түрі баланың ақыл-ойын тәрбиелеп, сабырлы болуға, дүниені тануға септігін тигізеді. Жамбы ату мергендікті қалыптастырады.

– Тек спорттық қимыл-қозғалыс сипатында емес, дедактикалық мақсатта пайдалану тиімді. Дедактика – оқыту. Оның ішінде ұлттық ойындарға негізделген дедактикалық ойындар оқу процесінде қолданылып жүр. Педагогтер, әдіскерлер әлі де жетілдіре түсуі керек. Тіл дамыту жағына тоқталсақ... Жұмбақтар мен жаңылтпаштар қиын сөздерді айтуға, терең ойлауға машықтандырады. Бала күнімізде командалық тұрғыдан топқа бөліну кезінде:

Алма кетті домалап,

Көше бойын жағалап.

Кім алманы қуады,

Сол ойыннан шығады, - деп айттық. Бұл балалар арасында дау туғызбай-ақ бөлінуге мүмкіндік береді. Қаламақ ойынға кімнің кіріп, кімнің шығатынын, кімнің басқаратынын белгілеу үшін қажет.

Тағы бір мысал:

Бірім, екім, тығыл бекін.

Мен санайын, сен бол дайын.

Сары шымшық,

Тез ұшып шық, - деген бар. Ол кезде ешкім ренжімейді, даусыз бөліне қояды. Инновация, технология дамыған кезде мұның маңызы арта түсті, - деді ғалым.

Балаларға арналған ұлттық ойындардың түрі қандай
Фото: Алтынай Сағындықова

Асық ату, бес асық және садақ ату

Қазір ауыл, аудан, қала мектептерінде асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ пен садақ ату үйірмелері бар. Қазақтың ұлттық ойындарының ережесі де заманына қарай өзгерген. Соның ішінде Ақтөбе облысын алып қарасақ, 2018 жылдан бастап «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы ашылды. Содан бері балалар тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату жарыстарына қатысады. Жарыс 4 кезеңнен тұрады. Олар: мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық. Лига баланың дамуына, мектеп мұғалімдерін ынталандыруға бағытталды. Себебі бұл балаларға мұғалімдер дәріс береді.

– Асық ату ойынының өз ережесі бар. Ені мен ұзындығы 2 метр болатын кілемшені ортаға төсейді. Ортада шеңбер болады. Шеңберден 3 метр қашықтыққа сызық сызылып, ортаға 13 асықты тігеді. 3 бала қатысып, әр балаға 15 мин уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында 8 асықты шеңберден шығарса, ол жеңімпаз болады. Ал сол 15 минут ішінде екі баланың асығы тең болса, қосымша 5 минут беріледі. Сол 5 минутта тағы 1 асықты шығара алмаса, екі баланың сақасын ортаға алып, иіреді. Кімдікі алшысынан түседі, сол ұтады. Асық ату көз қырағылығын, мергендігін дамытып, дене қозғалтады, - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы «Ақтөбе – Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы Қуатбай Дәрібаев.

Ал бес асықта әр командада үш қыздан ойнайды. Бір ойыншыға 15 минуттан екі тайм беріледі. Сол аралықта 13 тапсырманы орындауы тиіс.

Бірлік

Екілік

Үштік

Төрттік

Жалаң

Алақан

Төртбұрыш

Арттан тастау

Үндемес

Сарт-сұрт

Қашу

Нәби

Ұпай жинау

Ойын ережесі бойынша әрбіріне ұпай береді. Кім көп ұпай жинайды, сол ұтады.

– Садақ ату ойыны бастауыш сынып оқушылары арасында кең насихатталып жүр. Ал жоғары сынып оқушылары Азиядан орын ала бастады. Ереже туралы айтар болсақ, кішкентай балаларға шеңбер қойылады. Онда 1-ден 10-ға дейін сан жазылып, 10-ға тигізген адам 10 ұпай иеленеді. Кішкентай балалар үшін шеңбер мен ойыншының арасы 7 метр болады. Ересектері 50 метр қашықтықтан нысана көздейді. Барлығы 9 оқ болады. Қай санға тиеді, сол ұпайды алып, бәрін қосады. Көп ұпай жинаған адам жеңіске жетеді, - деді Қуатбай Дәрібаев.

Ақсерек – көксерек, қуаласпақ, соқыртеке

Балалар арасында ақсерек-көксерек ойыны да кең тараған. Үй маңындағы көршілерімен ғана емес, мектептерде осы ойынды ойнады. Ойын ережесіне сәйкес қатысушылар екіге бөлініп, 10-20 қадам алшақ тұрады. Сөйтіп бір-бірінің қолын ұстайды. Қарсы тарап әндетіп: «Ақсерек-көксерек, бізден сізге кім керек?» деп айтады. Сол кезде екінші топ «Ақсерек-көксерек, сізден бізге Серік керек» деп шақырып, өздері дайын тұрады. Сол кезде Серік жүгіріп барып, бір-бірінің қолынан ұстап тұрған балаларды кесіп өтеді, өзімен бірге таңдаған ойыншыны алады. Ал қатар тұрған балалардың қолы ажырамаса, ойыншы сол командада қалады.

Соқыртеке ойынында бір баланың көзін байлайды, ол жанындағыларды іздеуге шығады. Қалғандары айнала қашып, ұстатпауға тырысады. Ал қолға түскені орнын алмастырады.

Қуаласпақ та баланың физикалық өсіп-жетілуіне септігін тигізеді. Бұл ойында желаяқтардың бәсі жоғары болады.

Айта кетейік, төл ойынымыз тоғызқұмалақты әлемнің 50-ден астам елі ойнайды. Ойынның пайда болу мерзімі 7 мың жылдық тарихты қамтиды.

Еске салсақ, былтыр Х Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпазы атанды.  

Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында асық ату ойыны кең тарап келеді. 

Соңғы жаңалықтар