Балаларға арналған ұйымдарды тексеру жиілігі бекітілді

АСТАНА.KAZINFORM — Балаларға қызмет көрсететін бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жоспарлы түрде тексеріледі, деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

Балаларға арналған қызметтер көрсететін және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар үшін жаңа жоспарлы тексеру қағидалары енгізіледі. Бұл ұйымдар ерекше бақылау мен қадағалауға алынады.

Жаңа талаптарға сәйкес, тексеру жиілігі тәуекел деңгейіне байланысты болады:

  • жоғары тәуекел тобына жататын мекемелер кемінде жарты жылда бір рет тексеріледі;

  • төмен тәуекел тобына кіретін ұйымдар жылына бір реттен жиі емес тексеріледі.

Мұндай ұйымдардың жартыжылдық тексеру тізімдері Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің ресми интернет-ресурстарында жарияланып отырады.

— Бұл шаралар бақылау процесінің ашықтығын арттыруға, заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, сондай-ақ балалар мен жалпы халықтың денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алуға бағытталған, — деп түсіндірді ведомство.

Айта кетейік, балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізілді. 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын және балаларға тамақтану, тұру, медициналық көмек көрсету, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар мен объектілерге қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін енгізуді көздейтін Заңға қол қойды. Заң 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар