Балаларға дәрумен беру: нені білу маңызды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір ата-аналар арасында балаларға дәрумен беру, иммунитетті көтеру, темір тапшылығынан сақтану сияқты сұрақтар жиі талқыланады. Бұл мәселе туралы аллерголог-иммунолог Әйгерім Бақытжан «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында жан-жақты жауап берді.

Балаларға дәрумен беру: нені білу маңызды
Фото: Pixabay

– Қазір дәріханаларға барсаңыз, дәрумендердің сан түрін көресіз. Көбі қайсын ішу керек, қайсысы шынымен пайдалы, неден бастау қажет деген сұрақтарда шатасып жатады. Егер бала сау дүниеге келсе, оның алғашқы кезеңінде үш ғана маңызды нәрсе бар. Жаңа туған нәрестеге бір тәулік ішінде К дәрумені салынады. Бұл – өте маңызды процедура. Алайда кейбір ата-аналар «артық ине салудың қажеті жоқ» деп, одан бас тартып жатады. Бала ағзасында К дәрумені табиғи түрде өте аз мөлшерде түзіледі. Сол себепті оны сырттан енгізу қажет. Бұл дәруменнің маңыздылығы – оның қан ұю процесіне тікелей әсер етуінде. Себебі сәбидің қан тамырлары өте нәзік әрі жұқа болады. Егер нәресте қатты қозғалып немесе жарақат алса, қан тамырлары жарылып, тіпті инсультке әкелуі мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін К дәрумені міндетті түрде қабылдануы керек, - дейді спикер.

Маманның айтуынша, D тобындағы дәрумендер де бала үшін аса маңызды.

– Кейбір адамдар «күн сәулесі жеткілікті болса, D дәрумені қажет емес» деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Соңғы зерттеулер күн сәулесі мол аймақтардың өзінде де адамдардың ағзасында бұл дәруменнің жетіспейтінін көрсетіп отыр. Сондықтан D дәруменін профилактикалық және емдік мақсатта қабылдап тұру қажет. Әсіресе, бұл балалар үшін аса маңызды. Себебі D дәрумені жетіспеген жағдайда рахит ауруының даму қаупі жоғарылайды, - дейді дәрігер.

Аллерголог-иммунолог балаға қажетті өзге де маңызды дәрумендерге тоқталды.

– Ақуыз бен энергетикалық жетіспеушілік те – бала денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың бірі. Дегенмен, бұған байланысты сырттан арнайы БАД немесе дәрумендер қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі бұл тапшылықты емізулі ананың сүті толық өтейді. Темір жетіспеушілігіне байланысты қаназдықты көпшілік ағзаның қалыпты процесі деп қабылдап жатады. Жүкті әйелдер арасында «гемоглобин бәрінде төмендейді» деген пікір кең тараған. Алайда темір тапшылығы – ағзада күрделі өзгерістерге алып келетін қауіпті жағдай. Әсіресе, кішкентай балалар үшін бұл өте қатерлі. Темірдің жетіспеуі есте сақтау қабілетінің нашарлауына, тәбеттің төмендеуіне, вирустық ауруларға бейімділікке, тіпті жүрекке байланысты ақаулардың пайда болуына алып келуі мүмкін, - дейді Әйгерім Бақытжан.

Дәрігер дәрумендерді өз бетімен қабылдауға болмайтынын ескертті.

– Темір немесе басқа да дәрумендерді адам өз бетімен қабылдай салмауы керек. Балалар үшін педиатр, ересектер үшін терапевтке қаралып, арнайы тексерістен өту қажет. Дәрумен тапшылығын нақты анықтау үшін жалпы қан анализінен бөлек, ферритин, В9, В6, фолий қышқылы сияқты көрсеткіштерге де қан тапсыру керек. Кейде адамдар тек жалпы қан талдауына қарап қана шешім шығарып жатады. Бұл жеткіліксіз. Тереңірек тексеріс қажет, - дейді ол.

Әйгерім Бақытжан дәрумен жетіспеушілігін жою үшін тек дұрыс тамақтану жеткіліксіз екенін айтты.

– Ағзада ешқандай дәрумен тапшылығы болмаса, оны табиғи жолмен – дұрыс тамақтану арқылы алу жеткілікті. Бірақ рацион макаронмен ғана шектелмей, теңгерімді болуы тиіс. Тамақтың жартысын көкөністер, үштен бірін ет өнімдері, қалғанын дәнді дақылдар құраса, ағза барлық қажетті дәруменді ала алады. Темір жетіспеушілігі кезінде «алма жей сал, анардың шырынын іш – гемоглобин көтеріледі» деген пікірлер жиі айтылады. Бұл – қате түсінік. Мұндай тағамдар дәрумен тапшылығы толық емделгеннен кейін ғана гемоглобинді қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін көмектеседі. Ал нақты тапшылық кезінде бұл өнімдер жеткіліксіз. Ондайда міндетті түрде дәрігердің тағайындауымен дәрілік препараттар қабылдануы қажет, - дейді аллерголог-иммунолог. 

Айта кетейік, өткен жолы аллерголог маман аллергиядан қалай арылуға болатыны туралы пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар