Балаларға қарсы қылмыс 17 %-ға азайды – ІІМ

«Балалардың қауіпсіздігін қорғау ішкі істер органдарының қашанда басты назарыңда. Жергілікті полиция қызметі аталған сала бойынша ауқымды жұмыс істеп жатыр. Соның бірі - қолжетімді полиция және оның қызметінің мобильділігі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биыл балалар мен жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс 17 пайызға азайды. Сонымен қатар ұрлық 2,5 есеге кеміді. Одан бөлек, балаларға әлімжеттік көрсету 2 есеге және бұзақылық пен тонау 3 есеге төмендегені байқалады», - деді Жасұлан Жұманалин баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге қарсы зорлық-зомбылық көрсеткіші де азайған.
«Биыл 3 айдың ішінде балаларға қарсы зорлық жасау 19 пайызға азайды. Бұл бағыттағы заңнама да үнемі жетілдіріліп отыр. Мемлекет басшысы балаларға зорлық жасағандардың жазасын қатаңдатуды тапсырды. Осы орайда зорлық-зомбылық ауыр қылмыс түріне жатқызылды. Сол сияқты педофилдер қатаң режимдегі мекемелерге жіберіледі. Оларға кешіру немесе мерзімінен бұрын босату деген жеңілдіктер қарастырылмайды», - дейді ол.
Сондай-ақ, ІІМ өкілі қазақстандықтарды балаларға қарсы зорлық-зомбылық жағдайына бейжай қарамауға шақырды. Яғни қандай да бір фактінің куәсі болса, дереу полицияға хабарлаған жөн.