Балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға химиялық кастрация жасауды заңға енгізу ұсынылды - ІІМ

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Әсет Оспанов осылай мәлім етті. Брифинг қылмыстық қастандықтан бала құқығын қорғау шараларына арналған болатын.
«Бүгінгі күні мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Ішкі істер министрлігі Бас прокуратура жанындағы жұмыс тобында осы мәселені қарастырып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қылмыстық кодекске ондай қылмысқа барғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы норма ұсынылды», - деді Әсет Оспанов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері балаларға қарсы қылмыс жасау фактісі өсіп отыр. Мәселен, өткен алты айда осындай 665 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 37 пайызға артық.
Айта кетерлігі, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағандарға жазаны қатаңдату, оларға қатысты медициналық кастрация қолдану әлемнің біраз елінде, атап айтқанда Франция, Бельгия, Польша, Израильде қолданылуда. Ал Қазақстанда соңғы уақытта балаларға қатысты зорлық қылмысы азаймай отыр.