Балаларыма әрдайым үлгі болғым келеді - қызылордалық полицей

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында қай кезде де алдыңғы шепте жүреді. Қазіргі сын сәтте де полиция қызметкерлері уақытпен санаспай өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға күш салып жүр. Бұл әлемді дүрліктірген қауіпті індеттің бетін қайтаруға оң септігін тигізіп отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда қалалық полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Арыстанбек Дәулетовтің бір күнгі тыныс-тіршілігіне зер салып көрген еді.

Балаларыма әрдайым үлгі болғым келеді - қызылордалық полицей

Соңғы уақытта Арыстанбектің қызметі өте қауырт. Жер-дүниені жайлаған қауіпті кесел құрсауы Қызылорда өңіріне де келіп жетті. Сол сәттен бастап жергілікті тәртіп сақшылары күн-түн демей өз қызметін атқаруға кірісті. Арыстанбек әрбір күні міндетін адал атқаруға ниет танытады. Тәуліктің қай уақытында да қоғам қауіпсіздігін сақтауға белсенділік танытады.

Қазір Қызылорда қаласында қауіпті індеттен сақтануға барынша күш салынып отыр. Тұрғындардың бейберекет жүруіне тыйым салынған. Автокөлік қозғалысына да шектеу жасалған. Бұл орайда полиция қызметкерлерінің жауапкершілігі ерекше. Әрбір қауіпсіздік шарасын сақтауға барынша көңіл бөледі. Арыстанбек осылайша өзінің қауіпті кеселден құтылу жолында нәтижелі іс жасап жүргенін қоғам алдындағы зор міндеті санайды.


«Адамдардың барлығы бірдей емес қой. Әрқайсысының мінезі сан алуан. Талап барлығына ортақ. Оны сақтауға әрбірі көңіл бөлуі тиіс. Өкініштісі, кейбір азаматтар оған көңіл бөлмейді. Қауіпті індеттен сақтану жолдарын қаперге ілмейді. Оның соңы орны толмас жағдайға ұласуы мүмкін. Мемлекетіміз осы бағытта барлық қауіпсіздік шараларын қолға алды. Біз сол жұмыстардың өз деңгейінде орындалуына барынша үлес қосамыз. Күнде жаңалықтарды назарға алып отырамыз. Жақсы нәтижеге қуанып жатамыз. Оң істерге өз үлесімізді қосып жүргенімізді мақтаныш тұтамыз», - дейді Арыстанбек.



Ол отбасында әкесі Қасқырбектен төзімділік, жауапкершілік, сабыр секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Отбасында алған тәрбиесі қазір қызметінде өз пайдасын тигізіп келеді. Әкесі Қасқырбек пен анасы Мейрамкүл екеуі де ұзақ жылдар бойы теміржол саласында қызмет атқарды. Арыстанбек полиция қызметін таңдағанда оған отбасында барлығы қолдау білдірді. Десе де үйдің үлкендері оған бұл қызметтің жауапкершілігі үлкен болатыны тағы бір мәрте еске салып өтті.

«Қай кезде де отбасымды жоғары қоямын. Ата-анам тәлімді тәрбие берді. Бүгінде өзім де екі тәрбиелеп отырмын. Бала кезімнен анамның ыстық бауырсағын жеп өстім. Оның дәмі әлі күнге дейін ауыздан кетпейді», - деді Арыстанбек.

Ол 2012 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда қалалық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық тобының мемлекеттік автоинспекторы қызметін атқарады. Қазір аға лейтенант шенінде.

Ол - сауатты, жауапкершілігі мол азамат. Әріптестері оның қарапайым, адал, жауапты, қиын сәтте көмекке келуге екендігін айтады. Мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте марапатталған. Жұбайы Аида Абдраманова екеуі 2013 жылы шаңырақ көтерді. Аида облыстық медицина орталығының дәрігері қызметін атқарады. Олар бүгінде Бейбарыс пен Әлихан есімді ұлдарын тәрбиелеуде.

«Мен қызметке келгенде отбасылы едім. Полиция қызметінің жауапты және ауыр екенін алғашқы күннен-ақ түсінемін. Балаларым - өмірімнің мәні, шаршағанда көңілімді аулайды. Үлкенім - Бейбарыс 5 жаста, онымен сөйлесіп, ақылдасу өте қызық. Жақсы сурет салады. Бізді жетістіктерімен қуантып отырады. Өзім спортпен шұғылданамын, таңертең жүгіремін. Балалармен бірге жаттығу жасап, футбол ойнаймыз. Балаларыма әрдайым үлгі болғым келеді», - дейді Арыстанбек.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінде Арыстанбек пен Аида көп уақытты жұмыста өткізеді . Отағасы патрульдік бекетте тынымсыз қызмет етеді. Ал Аида медициналық қызметкер болған соң шұғыл шақыртумен жұмысына жиі барады. Мұндай уақытта балаларға әжесі қарайды. Барлығы отбасына түгел оралғанда шаңырақ шуағы шаттықтан шалқи түседі.