«Балалы болған...балалар» - Баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жыл сайын Қазақстанда 3 мың ұл мен қыз некеге тұрады екен. «Оның өзі әлі бала. Бойжетіп те үлгермеген. Әлі жасөспірім. Бірақ, соған қарамастан, бұл «баланың» баласы бар.Осы жерде мәселенің басын бірден ашып алайықшы. Жас деген ұғымға өзін жас сезінетіндердің барлығын жатқыза беруге болмайды. Жасөспірім деп неше жастағыларды айтамыз?» дей келе 12-19 аралығындағы қыз бала болсын, ер бала болсын жеткіншек екенін жазады «Балалы болған...балалар» атты мақалада. Осыған орай, жылына 3 мыңға жуық жеткіншек некеге тұрады деген мәліметті талдаған автор осы ерте некеге тұру немесе ерте жүктілік салдарына кеңінен тоқталады. Мақалада дәл осы балалы болған жасөспірімнің басындағы оқиға баяндалып, оқырманға ой салар мәселеге қозғау береді. «Қарап отырсақ, кәмелетке жетпей жүкті болып қалған, бойжетпей жатып түсік жасатқан оқиғаларға қатысты түрлі статистика жарияланып жатады. Алайда, оның дәлдігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Оның ішінде жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқан жағдаяттардың бар екендігін ескерсек, бұл көрсеткіштердің ешқайсысы да маңызды емес. Ең бастысы біз балаларымызды, ұрпағымызды осындай қасіреттерден қорғап, әлімжеттік пен зорлыққа қарсы тұру ұят емес, өз құқығын білмеу қорлық екендігіне үйрету. Бұл жалғыз бізді алаңдататын жағдай емес. Мәселен, жыл сайын 11 шілде күні бүкіл әлем Дүниежүзілік халық саны күнін атап өтеді. Биыл бұл күн «Жасөспірім қыздардың дамуына үлес қосу» тақырыбына арналғаны да бекер емес» деп жазады автор.
«Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік санында «Бұқтырма көпірі қашан салынады» атты мақала жарық көрді. «Бұқтырма еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі. Күршім ауданының облыс орталығы және басқа аудандармен бөліп тұрғандықтан, жергілікті жұртшылық жазда пароммен, қыста мұз үстімен қатынауға мәжбүр. Қазір мұнда күнделікті екі паром қызмет көрсетеді» дей келе автор бұған дейік көпір туралы әңгіме болғанын, алайда оның соңы сиырқұйымшақталып кеткенін алға тартады. Жазуынша, Бұқтырмада көпір салу күршімдіктер үшін нөмірі бірінші мәселе. Проблеманы облыс әкімінің өзі білетініне қарамастан, көпір туралы әңгіменің ауылы әлі де алыста секілді.
* * *
«Айқын» газетінің бейсенбі күнгі санында «Торайғырдың етегі» атты мақала жарияланды. Мақала авторы онда Көлсай көліне барар жолдағы табиғаттың тамашасын тамсана суреттейді. Ондағы көркем пейзаждарды бірінен соң бірін ала жаза келе, ақыры Торайғырдың етегіндегі «жынды жел» әңгімесіне тоқталады. «Жоқ, жынды жел емес, дауыл! Көк пен жердің арасын тұтастырып, айналаны сап-сары шаңға тұншықтырып, осы дауыл 40-45 минут, әлде 1 сағат соғады да, жоқ болады. Құдай сақтасын, жолына тұра көрмеңіз! Терезесі шағылып, сыртындағы бояуы түгелдей сыпырылып түскен көліктер көп. Тіпті ютубта сол дауылдың дәл ортасында келе жатып, Жаратушыға жалбарынған тізгіншінің видеосы да бар» деп жазады автор. Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақаланың бірі «Мемлекеттік шекара тәуелсіздігіміздің негізі» деп аталады. Автор ТМД кеңістігінде халықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекараға Қазақстан ғана ие екенін жаза келе, Тәуелсіздік алғанға дейінгі, әсіресе Кеңес Одағы орнаған, Алаш қайраткерлері тұсындағы шекара тағдырына үңіледі. «Ең бастысы, алаш арыстары иісі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін жан беріп, жан алысты. 1920 жылдың 26 тамызы күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, қазақ жұртының қылышынан қан тамған қызыл империяны мойындатып, өз алдына ірге көтеруі оңай болған жоқ. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді» деп жазады автор.
***
«Экспресс К» газетіндегі «Уй вместо алиментов» атты мақалада оңтүстікоралдық азаматтың Қазақстан-Ресей шекарасын Үй өзені арқылы кесіп өтпек болғаны айтылады. Әлгі ресейлікті қырағы шекарашылар байқап қалып, судан сүйреп алып шығыпты. «Ер азаматтың көрші мемлекетке қашуына басты себеп алименттен жалтару екен. РФ сот приставтары федералдық қызметі басқармасының хабарлауынша, оның алимент бойынша қарызы 92 мың рубль құраған. Челябі облысы Октябрь ауданы Қарақұл ауылының 35 жастағы тұрғынына шетелге шығуға тыйым салынған. Сондықтан да, ресми жолмен шетелге өте алмайтынын білген безбүйрек әке мемлекеттік шекараны өзен арқылы заңсыз кесіп өтпек болған», деп жазады «Экспресс К» .