Ажырасқаннан кейін баламен араласудың жаңа ережелері бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 2025 жылғы 13 сәуірден бастап ата-аналар мен басқа да жақын туыстар арасында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне байланысты дауды шешудің бірыңғай ережесі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда ажырасқан соң немесе ата-ананың бөлек тұруы кезінде баламен қарым-қатынас тәртібі туралы ата-аналар мен басқа да жақын туыстар арасындағы дауларды шешудің бірыңғай ережелері күшіне енді. Бұған дейін де бұл мәселелерді қамқоршылық органдары қарастыратын, алайда әр өңірде әртүрлі тәсіл қолданылатын. Енді Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ортақ тәртіп барлық өңірде бірдей іске асады.
Ата-анаға немесе жақын туыстарына — атасына, әжесіне, ағасына немесе әпкесіне баламен қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған жағдайда, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына өтініш бере алады.
Өтінішке келесі құжаттар қоса тіркеледі:
• жеке куәліктің көшірмесі;
• наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
• соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
• мекенжайын растайтын құжат.
— Біз алғаш рет осындай күрделі де сезімтал мәселелерді шешудің бірыңғай тәртібін енгізіп отырмыз. Бұл — баланың құқығы мен мүддесін қорғауға, оның жақындарымен байланысын үзбеуге бағытталған нақты қадам, — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қорғаншылық органы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап шығады. Осы мерзімде мамандар екі тараппен жеке сөйлесіп, қажет болса тұрмыстық жағдайды зерделейді. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның да пікірі ескеріледі.
Айта кетелік дарынды баланы қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде жазған болатынбыз.