Баланы туған сәтінен фотосуреті арқылы сәйкестендіру енгізіле ме – мәселе Құрылтайда көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында балаларды туған сәтінен бастап фотосуреті арқылы сәйкестендіру тетігін енгізу мәселесі көтерілді.

в
Фото: Kazinform/ЖИ

- Бүгінде баланың жеке басын куәландыратын міндетті құжат – туу туралы куәлік. Алайда бұл құжат өзінің сәйкестендіру функциясын әрдайым толық орындай алмайды. Себебі онда қажетті ақпарат жеткіліксіз. Туу туралы куәлік арқылы баланың дүниеге келгені туралы мәліметтерді растауға болады. Бірақ куәлік дәл сол балаға тиесілі екенін немесе оның орнына басқа баланың көрсетіліп тұрғанын анықтау, өкінішке қарай, мүмкін емес. Балаларды алмастырып жіберу сияқты қайғылы жағдайлар да осы мәселемен байланысты, - деді депутат Екатерина Смышляева. 

Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында баланың жеке басын туған сәтінен бастап нақты әрі сенімді анықтауға мүмкіндік беретін арнайы құрал әзірлеу көзделген. Осы ретте ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан бұл мәселені қалай шешуге болатынын және министрлік осы бағытта нақты қандай жұмыс істеп жатқанын сұрады.

Сауалға жауап берген министр "Қазақстан балалары» тұжырымдамасында аталған мәселені шешу үшін нақты жүзеге асырылатын шара қарастырылған айтты.

- Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі жанынан ведомствоаралық үлкен комиссия құрылды. Қазір комиссия бала құқықтарын қорғауға қатысты барлық заңнаманы жан-жақты зерделеп жатыр.

Сіз көтеріп отырған баланы сәйкестендіру мәселесі де осы комиссия аясында қарастырылу үстінде. Жалпы, баланы сәйкестендіру не үшін қажет? Бала дүниеге келгеннен кейін оған сәйкестендіру нөмірі беріліп, туу туралы куәлік рәсімделеді. Алайда жеке куәлік фотосуретімен тек 16 жасқа толған кезде ғана беріледі. Ал 16 жасқа дейінгі бала қиын жағдайға тап болса, ата-анасы немесе заңды өкілінсіз сапарға шықса, не мемлекет тарапынан шұғыл көмек қажет болған жағдайда, оның жеке басын фотосуреті арқылы нақты анықтауға мүмкіндік беретін мәлімет болуы керек, - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе қазіргі уақытта Әділет министрлігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қарастырылып жатқанын айтады.

- Мұндағы негізгі қиындықтар – биометриялық деректерге қатысты заң талаптары және балалардың дербес деректерін қорғау мәселесі. Қазір осыған байланысты бірқатар заңнамалық шешімдер пысықталуда. Менің ойымша, тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін бұл мәселе де реттеледі. Жалпы, ол министрліктің тұрақты бақылауында. Біздің ұстанымымыз – қажет болған жағдайда баланың фотосуреті қамтылған сәйкестендіру құжаты немесе мәліметі болуы керек. Бірақ оны рәсімдеу ата-ананың келісімімен жүзеге асуға тиіс деп санаймыз, - деді министр.

Депутат талқыланып отырған мәселеге қатысты Әділет министрлігінің өкіліне де сұрақ қойды.

- Қазір ата-аналар баласымен шетелге шыққанда, әдетте, фотосуреті бар балалар паспортын рәсімдейді. Әділет министрлігі туу туралы куәліктегі балаға қатысты мәліметтерді толықтыру үшін қандай шаралар жоспарлап отыр? Әлде бұл басқа құжат немесе баланың жеке басын сенімді сәйкестендірудің өзге тетігі бола ма?, - деді Екатерина Смышляева.

Әділет вице-министрі Айдар Жарылғановтың айтуынша, «Қазақстан балалары т»ұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 52-тармағында кәмелетке толмағандарды сәйкестендіру бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген. 

- Біз бұл бағыттағы жұмысты Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Айта кету керек, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы уәкілетті орган ретінде Әділет министрлігі туу туралы жазбаларды тіркеу жұмысын үйлестіреді. Ал туу туралы куәлікті әкімдіктердің аппараттары береді. Құжат медициналық туу туралы анықтама немесе бала медициналық мекемеден тыс жерде дүниеге келген жағдайда, туу фактісін анықтау туралы сот шешімі негізінде рәсімделеді, - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта бұл анықтамалардың мазмұнына қойылатын талаптарда баланы суретке түсіру қарастырылмаған. Мұның себебі туу туралы куәлікті рәсімдеу технологиясымен де байланысты. Өйткені уәкілетті органдар баланың жеке басын тікелей сәйкестендірмейді. Қазір бұл қызмет проактивті форматта көрсетіледі: медициналық ұйым туу туралы мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізеді, деректер сол жерден тиісті базаға түседі. Соның негізінде туу туралы куәлік беріледі. Яғни құжат байланыссыз рәсімделеді, тіпті кейде ата-аналар оны алу үшін арнайы келмейді.

- Егер заңнамаға өзгерістер енгізіліп, денсаулық сақтау жүйесінде баланы суретке түсіру тәртібі қарастырылса, бұл мәселені шешуге мүмкіндік туар еді. Себебі заңнамаға сәйкес, медициналық ұйымдар баланың өмірінің алғашқы жылдарында оған толық медициналық сүйемелдеу көрсетеді. Медициналық патронаж жүйесі аясында медицина қызметкерлері баланың өсуі мен сыртқы келбетіндегі өзгерістерді үнемі бақылап отырады. Сонымен қатар жаңа ғана баяндамашы атап өткен техникалық мәселелер де бар. Баланың сыртқы келбеті жасына қарай өзгеріп отырады, сондықтан оны сәйкестендіруде жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Паспорт рәсімдеу кезінде суретке түсіру тәжірибесіне қатысты тағы бір жайтты атап өткім келеді. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңда азаматтардың биометриялық деректерін тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Алайда 16 жасқа толмаған балалар үшін бұл рәсім ерікті сипатта болады. Бұдан бөлек, басқа да мәліметтерді жинау заңмен көзделмеген. Егер осындай тетіктерді енгізу қажеттігі туралы ортақ шешімге келсек, қазір тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр. Оларды іске асыру үшін, әрине, заңнамалық өзгерістер енгізу қажет болады, - деді Айдар Жарылғанов.

Айта кетейік, елімізде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау үшін соңғы жылдары 11-ден астам заң қабылданды.