Баланың ана тілін білмеуі қазақ мектептеріне тән ортақ мәселе - бастауыш сынып мұғалімі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 40 жылдан астам еңбек өтілі бар Айжан Қапезова Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектепте бастауыш сыныпта сабақ береді. Былтыр Президенттің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын алған А. Байкенқызының айтуынша, білім негізі – бастауышта. Ал, шәкірттің білімге деген қызығушылығын оятуда ата-ананың да рөлі орасан. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында тәжірибелі педагог өз тәжірибесімен бөлісті. 

Мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- 40 жылдық еңбек өтіліңіз бар. Осы аралықта қанша оқушы алдыңыздан өтті? Мақтан тұтатын балаларыңыз бар ма? 

- Менің еңбек кітапшамда екі жазба ғана бар. Оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Жамбыл ауданы Баян ауылына келдім. Бастауыш сыныптарға осы елді мекенде 15 жылдай сабақ бердім. Қазіргі Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектепте еңбек етіп жатқаныма биыл 26 жыл болады. Петропавлға келгелі 250-ден астам шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырдым. Олардың барлығы бүгінде бір-бір мамандық иесі. Өз салаларында абыройлы еңбек етіп жүр. 

- Қазіргі балалар мен осыдан 10-15 жыл бұрынғы шәкірттерді салыстырып көріңізші... 

- Әрине, айырмашылық жер мен көктей. Ол кезде оқу бағдарламасы басқаша құрылған еді. Қазіргі ең басты күрмеулі мәселе – алдымызға келген бүлдіршіндердің барлығы дерлік орыстілді. Ата-аналар сеніп, қазақшаға үйретеді деп мектепке береді. Біз 4-5 сағаттың ішінде қазақша білім береміз, бірақ үйде оны қайталамағандықтан, ата-ана тарапынан көмек болмағандықтан, жақсы нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Олар да үйде баламен қазақша сөйлеспейді. Мектептегі оқытушылар осының зардабын тартып отыр.

- Бала тәрбиесінде нені бірінші орынға қоясыз?

- Қазақ үшін бала тәрбиесінің маңызы зор. «Не ексең – соны орасың» деген. Соңғы кезде адамдар арасында бір-біріне деген мейірім азайды. Білім мен қатар тәрбие де бергендіктен біреудің ала жібін аттамауға, отаншылдыққа, төзімділікке басымдық беремін, еңбекке баулыған да дұрыс. Сонда ғана ибалы, инабатты ұрпақ өсіп шығады.

Мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазіргі бала неге қызығады?

- Қазіргі баланың есіл-дерті – телефон. Оның себебі – нәресте туғаннан телефонды көріп өсіп келеді. Бұрынғы бесік жыры жоқ, оның орнына телефондағы қажетсіз, кейде басқа тілдегі әнді қояды. Жыласа – қолына тағы да телефон ұстатып алдандырады. Бала тілінің орысша шығуының басты себебі де – осы.

Қазіргі уақытта телефон ұстамайтын бала кемде-кем. Мұның оң-теріс тұстары жетерлік. Жақсы жағы – бала жан-жақты ақпарат алады, білім көкжиегі кеңейеді. Ал бақылау болмаса, өз жасына қажетсіз ақпаратқа қанығуы мүмкін, денсаулығына да зиян келеді.

Мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бастауыш сынып мұғалімдері ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазіргі ата-аналарға көңіліңіз тола ма, жоқ па?

- Ата-аналарды бұрынғы, қазіргі деп бөлуге келмес. Баласының сабағы мен тәртібін үнемі қадағалап, мұғалімдермен үнемі байланыста болып, қолдау білдіретін және баланы сендерге тапсырдым, оның тәрбиесіне мектеп пен мұғалім жауапты, сол үшін ақша алып отырсыңдар дейтін ата-аналар қашаннан бар. Десек те, көңіліміз толатын, белсенді, тығыз байланыста жұмыс істейтін ата-аналар да аз емес.

Мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Баласы бастауыш сыныпта оқитын ата-анаға сізден басты үш кеңес:

- Ата-аналар жауапкершілікті сезініп, бала тәрбиесіне жеті көңіл бөлсе деген тілегім бар. Бастауыш сыныпта білімнің іргетасы қаланады. Сондықтан балаға қолдау, бақылау керек. Сабағына көмектесіп, үй тапсырмасын бірге орындаса, уақыт өте келе ол өзі кез келген тапсырманы еш қиындықсыз алып кетеді.

Бала – көргенін істейді. Сондықтан ұл-қызымызды тәрбиелемес бұрын өз ісімізді, әрекетімізді дұрыстасақ екен. Мәселен, балаңыз көркем әдебиет оқысын десеңіз, қолыңызға кітап ұстаңыз, телефонды тастасын десеңіз, өзіңіз де бір мезет бас тартыңыз. 

Үшінші кеңес – қазақ мектебіне бердіңіз бе, үйде қазақша сөйлеңіз. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Мұғалім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар