Баланың көруі неге нашарлайды: мәселе тек гаджетте ме
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көз ауруына байланысты 29 мыңнан астам бала дәрігер бақылауында тұр. Оның 18 мыңнан астамында миопия анықталған. Әсіресе 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында көз ауруы жиі кездеседі. Балалардың көру қабілеті неге нашарлайды, миопияны қалай ерте анықтауға және оның асқыну қаупін азайтуға болады? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеді.
Сандар сөйлесін
Қазақстанда көз ауруларының көрсеткіші жасөспірімдер арасында едәуір жоғары. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 100 мың балаға шаққанда 0–14 жас аралығында бұл көрсеткіш 4 721,7 болса, 15–17 жастағылар арасында 9 300-ге жеткен. Айырмашылық екі есеге жуық.
2026 жылдың алғашқы 6 айындағы дерекке, елімізде көз ауруларына байланысты 29 245 бала дәрігер бақылауында тұр. Олардың 18 211-інде миопия, яғни алыстан нашар көру анықталған. Көз ауруларына шалдығу көрсеткіші ең жоғары өңірлер – Астана, Алматы және Шымкент қалалары. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, қалалық мектептерде оның таралу деңгейі 30 пайызға жетеді.
Миопия – Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде әлем халқының 30 пайыздан астамында миопия кездеседі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жуықтап, миопиясы бар адамдар саны шамамен 5 млрд-қа жетуі мүмкін. Олардың әрбір бесіншісінде аурудың жоғары дәрежесі, ал шамамен 200 млн адамда патологиялық түрі кездесуі ықтимал.
Бұл деректер миопияның бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналғанын көрсетеді. Әсіресе балалық шақта пайда болған миопия бала өскен сайын күшейіп, асқынуы мүмкін. Сондықтан ауруды ерте анықтау және оның асқынуына жол бермеу маңызды.
Мәселе тек телефонда емес
Балалардың көру қабілеті нашарласа, ата-аналар көбіне телефон, планшет пен компьютерді кінәлайды. Алайда миопияның дамуына басқа да факторлар әсер етеді.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Астанадағы балалар бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Қасымбекованың айтуынша, негізгі себептердің бірі – көзді ұзақ уақыт шаршату.
– Кітапты 30 сантиметрден жақын ұстап оқу, жазу, сурет салу, ұсақ конструкторлармен ойнау, телефон, планшет пен компьютер қолдану көзге қосымша салмақ түсіреді, – дейді маман.
Әсіресе сабақтан кейін де гаджетке үңіліп отыратын балалардың көзі жеткілікті тынықпауы мүмкін.
Миопияның дамуына далада аз серуендеу де әсер етеді. Қазір балалар күннің басым бөлігін үйде немесе мектепте өткізетіндіктен, табиғи жарықта жүретін уақыты қысқарады.
– Адамның көзі табиғи жағдайда алыстағы заттарды күндізгі жарықта көруге бейімделген. Алайда балалар көбіне жабық жерде болғандықтан, көздің мұндай мүмкіндігі шектеледі, – деп түсіндіреді Гүлназ Қасымбекова.
Тұқым қуалаушылықтың да ықпалы бар. Ата-анасы немесе жақын туыстары алыстан нашар көретін балаларда миопияның пайда болу ықтималдығы жоғары.
– Егер тұқым қуалайтын бейімділігі бар бала көзін ұзақ уақыт шаршатса, далада аз серуендесе әрі ұйқысы қанбаса, миопияның ерте жастан пайда болу қаупі артады. Дегенмен бұл тұқымында миопия бар баланың көру қабілеті міндетті түрде нашарлайды деген сөз емес, – дейді дәрігер.
Демек, миопияның алдын алу үшін баланың сабақ пен демалыс уақытын дұрыс үйлестіріп, көзін шамадан тыс шаршатпауына көңіл бөлген жөн.
Миопияны қалай ерте анықтауға болады?
Миопияның алғашқы белгілері бірден байқала бермейді. Әсіресе кішкентай балалар алыстағы заттарды анық көрмейтінін аңғармауы немесе бұл туралы ата-анасына айтпауы мүмкін. Көру қабілетінің нашарлағаны көбіне мектепте, тақтадағы жазуды ажырату қиындағанда білінеді.
– Бала тақтадағы жазуды анық көрмесе, алыстағы заттарға көзін сығырайтып қараса немесе басы жиі ауырса, бұл миопияның белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда офтальмологке қаралу қажет, – дейді Гүлназ Қасымбекова.
Дегенмен мұндай белгілер байқалмаса да, баланың көзі сау деп айтуға болмайды. Кейде миопия тек жоспарлы тексеру кезінде анықталады. Сондықтан маман балаларды жылына кемінде бір рет офтальмологке көрсетуге кеңес береді. Ал көру қабілетінде өзгеріс болса, дәрігердің ұсынысымен тексеру жиілігі артып, қажет жағдайда бала үш ай сайын тексеруден өтеді.
Мұндай бақылау ауруды дер кезінде анықтау үшін ғана емес, оның қаншалықты жылдам күшейіп жатқанын білу үшін де қажет. Өйткені миопия баланың өсу кезеңінде өршуі мүмкін.
Бала өскен сайын миопия күшейе ме?
Гүлназ Қасымбекованың айтуынша, миопия 18–21 жасқа дейін күшеюі мүмкін. Бұл баланың өсіп-жетілу кезеңінде көз алмасының да өзгеруіне байланысты.
– Миопия пайда болғаннан кейін 18–21 жасқа дейін ұлғаюы мүмкін. Себебі бала ағзасы өседі, көздің өлшемі де өзгереді. Көз алмасы шамадан тыс ұлғайса, миопия өршіп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, – дейді маман.
Дегенмен ауру барлық балада бірдей дамымайды. Кейбірінде көру қабілеті баяу өзгерсе, енді бірінде миопия жылдамырақ күшеюі мүмкін. Әсіресе көз алмасы шамадан тыс үлкейген жағдайда торқабықтың зақымдану қаупі артады.
Сондықтан миопия анықталғаннан кейін баланы дәрігер бақылауында ұстау оны баяулатуға бағытталған емдеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Көзілдірік көзді нашарлата ма?
Миопияны ерте анықтаумен қатар, көру қабілетін дұрыс түзету де маңызды. Алайда кей ата-ана бала көзілдірік тағып үйренген соң, оны шешкенде көзі бұрынғыдан да нашар көретін болады деп қауіптенеді.
– Көзілдірік көру қабілетін нашарлатады деп ойлау – түбегейлі қате түсінік. Осы себепті көп жағдайда ата-аналар мен балалар оны тағуға құлықсыз болады. Ал миопия кезінде көзілдірік емнің бір бөлігі саналады. Ол баланың анық көруіне көмектеседі, – дейді Гүлназ Қасымбекова.
Миопия кезінде алыстағы заттардың бейнесі көздің торқабығына жетпей, оның алдына шоғырланады. Соның салдарынан бала алысты бұлдыратып көреді. Дұрыс таңдалған көзілдірік жарық сәулелерінің торқабыққа дәл түсуін қамтамасыз етеді. Мәселен, бұрын тақтадағы жазуды ажырата алмаған оқушы көзілдірік таққанда оны анық көре бастайды.
Бұл көзілдіріктің әсерінен көру қабілеті нашарлайды деген сөз емес. Бала анық көруге үйренгендіктен, оны шешкен кезде бұрынғы бұлыңғырлықты көбірек сезінуі мүмкін.
Дегенмен кәдімгі көзілдіріктің негізгі қызметі – алыстан көруді түзету. Ал миопияның күшеюін баяулату үшін перифокалды көзілдірік пен ортокератологиялық линзалар сияқты арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
– Ортокератологиялық линзалар көбіне түнде тағылады. Олар ұйқы кезінде көздің қасаң қабығының пішінін уақытша өзгертіп, күндіз көзілдіріксіз анық көруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді маман.
Алайда мұндай тәсілдер барлық балаға бірдей жарамайды. Офтальмолог баланың жасын, миопияның дәрежесі мен даму қарқынын ескеріп, тиісті әдісті таңдайды.
Баланың көз саулығын сақтау үшін не істеу керек?
Миопияның күшеюін баяулату үшін көзілдірік пен арнайы линзаларды қолданумен қатар, баланың күн тәртібіне де көңіл бөлген жөн. Әсіресе көзді шаршатпай, сабақ пен демалысты дұрыс үйлестіру маңызды.
Гүлназ Қасымбекова кітап оқығанда, сабақ жазғанда немесе компьютер қолданғанда үзіліс жасап отыруға кеңес береді. Ол үшін 20–20–20 ережесін ұстануға болады.
– Бұл ережеге сәйкес, бала әр 20 минут сайын жұмысын тоқтатып, кемінде 20 секунд бойы шамамен 6 метр жердегі затқа қарауы керек. Мысалы, терезеден алыстағы ағашқа немесе ғимаратқа көз тастауға болады. Осылайша көз тынығады, – деп түсіндірді дәрігер.
Маман далада серуендеуге де жеткілікті уақыт бөлуді ұсынады. Оның айтуынша, балалар аптасына шамамен 14 сағат, яғни күніне орта есеппен екі сағат сыртта жүргені жөн. Табиғи жарықта көбірек болу миопияның пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі.
Сонымен бірге телефон, планшет пен компьютерді пайдалану уақытын баланың жасына қарай шектеу қажет.
– Бір жасқа дейінгі балаларға экран көрсетпеген жөн. Ал 1–6 жастағылар сабақтан тыс уақытта экран алдында күніне бір сағаттан, 7–12 жастағылар екі сағаттан артық отырмауы керек, – дейді Гүлназ Қасымбекова.
Көз ауруларының салдары қаншалықты ауыр?
Көз саулығын сақтауға арналған күнделікті шаралар маңызды болғанымен, барлық аурудың алдын алу мүмкін емес. Кейбір туа біткен немесе жүре пайда болған дерттер көру қабілетін едәуір нашарлатып, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда көз ауруларына байланысты 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам балаға мүгедектік белгіленген. Олардың 300-ге жуығы – үш жасқа толмаған балалар.
Мүгедектікке көздің туа біткен ақаулары, торқабық пен көру жүйкесінің аурулары, сондай-ақ жоғары дәрежелі миопияның асқынуы себеп болуы мүмкін. Дегенмен бұл көрсеткіш тек миопияға емес, көз ауруларының басқа да түрлеріне қатысты.
Мұндай ауыр зардаптардың алдын алуда ауруды мүмкіндігінше ерте анықтап, емдеуді уақытында бастаудың маңызы зор. Осыған байланысты елімізде балаларға көрсетілетін офтальмологиялық көмекті жетілдіру шаралары қолға алынған.
Қазақстанда қандай шаралар қолға алынған?
Көз ауруларының ауыр зардаптарының алдын алу үшін елімізде балаларға көрсетілетін офтальмологиялық көмекті жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көз ауруларын анықтау мен емдеу тәртібі жаңартылып, шала туған нәрестелердің ретинопатиясына арналған клиникалық хаттама қабылданған. Бұл дерт асқынған жағдайда соқырлыққа әкелуі мүмкін.
Бұл жұмыстар 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасында да қамтылған. Құжатта медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандардың біліктілігін арттыру және ретинопатияны емдеуді жетілдіру көзделген.
Сонымен қатар көз ауруларын нәресте кезінен анықтауға көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта 2027 жылдан бастап жаңа туған сәбилерге «Қызыл рефлекс» скринингін енгізу жоспарланған. Бұл тексеру туа біткен катаракта, глаукома және ретинобластома белгілерін ерте анықтауға көмектеседі.
Осылайша, қолға алынған шаралар көз ауруларын ерте анықтап, дер кезінде емдеуге бағытталған. Ең бастысы – балалардың қажетті медициналық көмекті уақытында алып, көру қабілетін жоғалту қаупін азайту.