Баланың ұлты белгісіз болса оны қалай анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 65-бабының Конституцияға сәйкестігін қарады. Бұл бапта баланың ұлты тек ата-анасының біреуінің ұлтына қарай айқындалады деп көрсетілген. Алайда нақты іс бойынша ата-анасының ұлты белгісіз болған жағдайда баланың ұлтын анықтау мүмкін болмаған.

Конституциялық Соты «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің (НОтК) 65-бабының Конституцияның 19-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру жөніндегі өтінішті қарады.
Аталған бапта баланың ұлты ата-анасының ұлтымен айқындалады және бұдан әрі ол тек қана ата-анасының біреуінің ұлтына өзгертілуі мүмкін деп бекітілген.
— Баланың анасы қайтыс болған. Тірі кезінде оның құжаты болмаған. Баланың әкесі туралы деректер жоқ. Қолда бар мәліметтер негізінде қамқоршы ата-анасының ұлты бойынша оның ұлтын одан әрі айқындау үшін баланың тууы туралы акт жазбасына қосымша енгізуге тырысқан, бірақ растайтын құжаттардың болмауына байланысты бас тартылды. Кейін сот та НОтК-тің 65-бабына сілтеме жасай отырып, баланың ұлтын айқындау, егер оның ата-анасының ұлты айқындалмаса, мүмкін емес деп шешті. Өтініш беруші НОтК-тің 65-бабы Конституцияның 19-бабының 1-тармағына қайшы келеді деп есептейді, аталған тармаққа сәйкес әркім өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы, — делінген хабарламада.
Конституциялық Сот Конституцияның мағынасы бойынша ұлтты айқындау адамның өзін-өзі сәйкестендіруімен байланысты екенін, оған отбасылық және туыстық байланыстар мен басқа да жағдайлар әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.
Ата-анасының ұлтына негізделген таңдау, әрине, басымдыққа ие, сонымен бірге мұндай таңдау түрлі өмірлік жағдайларға (ата-анасы белгісіз, олардың ұлты туралы ақпарат жоқ, баланы басқа адамдар асырап алған немесе тәрбиелеген және т. б.) байланысты әрдайым мүмкін емес. НОтК-тің 65-бабы мұндай жағдайларды ескермейді және осылайша Конституцияда белгіленгенге толық сәйкес келмейді.
Конституциялық Сот сонымен қатар ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген немесе басқа да құқықтық маңызы бар кезде адамның белгілі бір ұлтқа жатуға деген ұмтылысы жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет мұндай жағдайларда адам ұсынған мәліметтерді тексере алады.
— Конституциялық Сот НОтК-тің аталған бабын ата-анасы белгісіз болған немесе олардың ұлтын анықтау мүмкін болмайтын жағдайларда, сондай-ақ азаматтың заңды мүдделерін қозғайтын басқа да өмірлік жағдайлар кезінде баланың ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдерін (ата-анасынан басқа) көздемейтін бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Бұл ретте Конституциялық Сот ата-анасы бойынша ұлтты айқындау мен өзгертудің конституциялылығына күмән келтірмеді, — делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Айта кетелік елімізде азаматтарға құқықтық кеңес беретін жасанды интеллект әзірленеді.