«Балаңыз дуаланған» деп ақша талап ететін алаяқтар көбейді — полиция
АСТАНА. KAZINFORM — Полиция интернетте өзін емші, көріпкел немесе балгер ретінде таныстырып, «балаңыз қатты дуаланған» деп азаматтарды қорқытып, ақылы түрде «емдеуді» ұсынатын алаяқтар жиілегенін ескертті.
Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы адамдармен байланысып, түрлі «белгілерді» алға тартады. Олар жағдайдың қиын екенін айтып, жәбірленушілерге «дуаны қайтаруды» немесе «ем жүргізуді» ұсынады.
Осыдан кейін «емге қажетті заттарды сатып алу», «ем жүргізу» немесе «дуаны қайтару» деген сылтаумен ақша аударуды талап етеді.
Полиция мұндай адамдардың азаматтардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланып отырғанын атап өтті.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға интернеттегі бейтаныс адамдардың емдеп жазу немесе көз тиюден арылту туралы уәделеріне сенбеуге шақырды. Сондай-ақ таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармау, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеу қажет.
Полиция күмәнді жағдайға тап болған азаматтарға хат алмасу тарихын және ақша аударылғаны туралы түбіртектерді сақтап қоюға кеңес береді.
Алаяқтықтың құрбаны болған немесе осындай жолмен ақша талап етілген жағдайда, 102 нөміріне хабарласу қажет.
Еске салайық, бұған дейін Әділет министрлігі де азаматтарды «некені ұзарту» туралы хабарландырулардан сақ болуға үндеп, күмәнді сілтемелерге өтпеуді ескерткен еді.