Балаңнан аяма: Ата-аналар неге өз перзентіне алимент төлегісі келмейді

алимент төлеу
Коллаж: Kazinform

Қазіргі таңда қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық, жыныстық сипаттағы қылмыстар мен әйел мен бала құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие болды. Соңғы резонанс тудырған оқиғалар заңнама тұрғысынан да заманға сай өзгерістер қажет екенін айқын көрсетті. Бірақ бұл жерде жыныстық сипаттағы не кісі өлтіру, ұрып-соғу секілді бірден үлкен реакция тудырмаса да, әлеуметтік салдары мен масштабы жағынан өте ауқымды проблема алимент төлемейтін ата-аналар жайлы айтқымыз келіп отыр.

Алимент өндіру – қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Бала алдындағы жауапкершілігін ұмытқан ата-ананың әрекеті бүгінде қоғамдық түйткілге айналды. Ажырасу деректері көбейген соң, алимент бойынша берешегі барлардың саны да кемімей отыр. Әділет министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда алимент төлемеген борышкерлердің 7 млрд теңге қарызы бар. Осы үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Бала алдындағы қарызын өтемегендердің жауаптылығын қалай арттырамыз? Алимент өндіріп алу үшін не істеу керек? Қарызын ұмытқандарға қандай жаза қолданылады? Бүгін халық саны 20 миллионға жеткен еліміздегі балалардың бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелер туралы толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Алименттен жалтаратындар көп пе?

Бүгінде республика көлемінде ажырасу дерегі көп. Тиісінше алимент саны да өсіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір алимент төлейтін жалпы 270 мыңнан астам адам бар, оның ішінде 14 мыңнан астамы проблемалық өндірулер. Яғни 3 айдан артық төлемей жүрген немесе мүлдем төлемейтіндер. Жыл сайын Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы өндірілмеген алимент істеріне байланысты деректерді шығарып отырады. Оның ішінде мүлде орындалмай, қозғалыссыз жатқандар ісі де, ара-тұра алимент төлеп, берешегін жартылай қайтарғандар ісі де бар. Соған орай берешек көлемі бірде жоғарыласа, бірде төмендеп отырады. Тіпті жеке сот орындаушылардан қашып, нақты табысын жасырып жүрген азаматтар бар. Осылайша, біздің елімізде баласының алдындағы жауаптылығын сезінбейтін жандар аз емес.

Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, іздеудегі адамдардың ішінде ерлер – 1 476, әйелдер – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығындағылар. Тұратын жері бойынша тоқталсақ, Астанада – 361, Алматы – 191, Ақтөбе облысында – 143, Қостанай – 140, Жамбыл – 140, Павлодар – 108, Алматы – 102, Маңғыстау облысында 59 адамға іздеу салынған. 2023 жылдың 9 айында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша 427 қылмыстық іс (Қылмыстық кодекстің 139-бабы) тіркелген.

Қыркүйек айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев алимент төлемегендер жайлы айтқан еді.

«2023 жылдың 6 айында алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2861 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. 7219 борышкерге елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіру бойынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеу шараларын қолданады», – деді Әділет министрі.

Министр өз сөзінде кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғатынын атап өтті. Осыған орай, облыстық әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Оның дерегінше, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2101 борышкер жұмысқа орналастырылған.

Алимент кімге төленеді?

Ата-ана кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Ажырасу кезінде көп жағдайда бала кіммен қалады деген мәселе туындайды. Бірақ алиментті тек балалар ғана алмайды, заң бойынша ол басқа адамдарға да төленеді. Бұл туралы толығырақ төмендегі суретте көрсетілген.

алимент төлеу
Инфографика: Kazinform

 

Бұдан бөлек қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алимент алуға құқылы. Неке және отбасы кодексінің 6-бабына сәйкес, алимент баланың ата-анасынан немесе басқа заңды өкілдерінен өндіріледі және баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады.

Отбасы кодексіне сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Демек, ажырасқан ерлі-зайыпты баласы кәмелет жасқа толғанша алимент төлеп, қамтамасыз етуі керек. Ал егер бала колледжде немесе ЖОО-да оқыса, онда алимент төлеу мерзімі бала 21-ге толғанша ұзартылады.

Алайда заң бойынша, алимент балаға ғана төленбейді. Заңда «Ерлі-зайыпты бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті» деп жазылған. Мұндай жағдайда егер, ерлі-зайыптының бірі еңбекке жарамсыз, жүкті не бала туғанына 3 жылдан аспаса, мүгедек баланы бағып отырса, алиментке өтініш бере алады. Бұдан басқа, біреудің қамқорлығында немесе патронат тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы.

Ерлі-зайыпты ажырасқанда алимент төлеу туралы келісім жасай алады. Осы құжатта алименттің мөлшері мен төлеу тәртібі көрсетіледі. Кәмелетке толмаған балалардың кіммен тұратыны да жазылады. Келісім жазбаша жасалады. Оған нотариустың мөрі басылады. Бұны "алимент төлеудің ерікті тәсілі" деп атайды. Ал келісім болмаса, сот арқылы, яғни алиментті мәжбүрлі түрде өндіріп алуға тура келеді.

Ата-ананың бірі алиментті төлетуге сотқа арызданбаса, онда қорғаншылық және қамқоршылық органы талап бере алады.

Алимент өндіріп алу үшін не істеу керек?

Алимент сотқа жүгінген сәттен бастап тағайындалады. Ал өткен кезең үшін алдыңғы 3 жылдан артық емес уақытқа талап етуге болады. Алиментті өндіріп алу үшін үйіңізден шықпай-ақ, екі жағдайда арыз беруге болады. Біріншісі Egov порталы арқылы мекенжайыңызға байланысты Сот сайтын тауып алып, сол жақтан тікелей арыз бере аласыз немесе Жоғарғы сот кабинеті порталы арқылы өтініш қалдыруға болады.

Алименттен жалтарғандарға қандай жаза қолданылады?

Алимент төлемей қашып жүрген ата-ананың шоттары бұғатталып, оған елден шығуға тыйым салынады. Жүргізуші куәлігінен айырылады және нотариат іс-әрекеттерге тыйым салынады. Ал қасақана алимент төлеуден жалтарса, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде үш айдан аса алимент төлемегендерге 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру сынды жаза қарастырылған.

Алимент мөлшері

Заң бойынша ай сайын төленетін алименттің мөлшері бар.

алимент мөлшері
Инфографика: Kazinform

 

Алименттер ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе басқа табысынан мынадай мөлшерде төленуі керек.

  • 1 балаға - (1/4) төрттен бірі;
  • 2 балаға - үштен бірі (1/3);
  • 3 және одан да көп балаларға - жартысы (1/2).

Айта кетейік, кейбір жағдайда осы алимент мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын ескере отырып, азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін.

«Алименттен қашудың басты себебі – ата-ана жауапсыздығы»

Алимент  өндіру істерімен көп айналысқан заңгер Айбын Утегеновтен алимент төлемейтіндердің көбею себебін сұрап көрген едік. Оның сөзінше, мәселенің ушығуына негізінен экономикалық себептер емес, қоғамдағы жауапсыздық әсер етіп отыр.

«Алимент төлемейтіндердің көбеюінің негізгі себебі - ата-аналардың (көбіне ер азаматтардың) жауапсыздығы. Жұмыс барысында алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелердің жасырын жұмыс істеп, айлығын әдейі азайтып, қымбат көлікпен жүргендерін, немесе басқа отбасын құрып, ондағы туған балаларымен шет елде қыдырып жүрген кездерін көрдік», – деді заңгер.

Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан алименттен қашатындармен тиімді күрес жүргізіліп жатпағанын да айтты..

«Көбіне формалды есеп беру үшін ғана жасалып жатқандай. Бұл жағдайға негізінен екі себеп бар: қолданыстағы заң нормаларының бүгінгі заманға сай еместігі және отбасы институтының құлдырауы. Алимент - отбасының дұрыс болмауының салдарынан туындаған проблемалардың жалғасы, ал мемлекет отбасының проблемасына кірісуі дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ, қазіргі таңда, өкінішке қарай, отбасы құндылықтары құлдырап, ажырасу белең алып отыр», – деді ол.

Мәселені шешу үшін не істеу керек?

Айбын Утегенов бұл мәселені шешу үшін өз ұсыныстарын білдірді. Оның пікірінше, алимент өндіру ісін, заңнаманы түбегейлі өзгерту керек. Қолданыстағы заң тетіктері бүгінгі заманға сай келмейді.

Мәселен, алимент мөлшеріне қатысты норма кеңес заманынан, сонау 1936 жылдан бері өзгермеген.

«Алиментті аз мөлшерде төлеу үшін қолданыстағы заңдардың осал тұстарын пайдаланып, борышкерлер жұмыс берушімен келісіп немесе формалды түрде таныстарына тіркеліп, ең төменгі айлықты көрсетеді, соның үлесінен алимент төлей бастайды. Мысалы: 70 000 теңгеден - бір балаға 17 500 теңге, екі балаға 23 333 теңге, үш және одан көп балаға 35 000 теңге алимент төлейді», деді ол.

Бұл сома балаларымен жалғыз қалған аналарға, киім-кешек, күнделікті тұрмыстық шығындарды қоспағанда, ай сайынғы тамаққа да жетпейді.

«Сондықтан, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 139-бабына өзгеріс енгізу қажет. Яғни, әр балаға алимент айлық күнкөріс деңгейінен (2023 жылы - 40 567 теңге) кем болмауы қажет. Осылайша, ақшасын баласына жеткізе алмай жүрген аналардың проблемасы шешіледі, қолдан жасалған жұмыссыздық саны азаяды, алимент төленген кезде әкенің баламен қарым қатынасы болады», - деп атап өтті заңгер.

алимент төлеу
Коллаж: Kazinform

 

Сондай-ақ оның тағы бір ұсынысы - алимент өндіру тараптарын өзгерту. Еліміздің заңнамасына сәйкес, борышкер іздеуде жүрсе немесе қандай да бір себеппен балаға алимент ала алмаған жағдайда, сот арқылы алиментті баланың ата-әжесінен өндіруге болады. Алайда сотқа жүгініп, оның шешімі шыққанша біраз уақыт өтеді. Сәйкесінше, сол аралықта бала алимент алмайды.

«Тәжірибеде сан мәрте дәлелденген жағдай: қашып жүрген борышкердің ата-анасынан, яғни баланың ата-әжесінен алимент өндіріп алу туралы сотқа талап-арыз жазғанда көп борышкер бірден табылып алимент төлей бастайды. Сондықтан Неке және отбасы туралы Кодекске балаға алиментті ата-анасы төлемеген жағдайда ата-әжесінен өндіріп алу қажет деген өзгеріс енгізу керек», - дейді ол.

Бұдан бөлек заңгер алимент төлемейтін борышкерді жазалау түрін өзгерту керек деп есептейді. Қазіргі заң бойынша алимент төлемегені үшін борышкерді екі бап бойынша жазалайды, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Бұл баптар нақты нәтиже бермейді. Себебі борышкерден алимент өндіре алмай жүргенде, мемлекет пайдасына айыппұл төлету мүмкін емес. Бес күндік қамауға алу да ешқандай әсер бермей отыр. Керісінше, мемлекет қаржысы борышкерді бес күн асырауға жұмсалады.

Екінші Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

«Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкес, алимент төлемеген борышкерді әкімшілік жауапқа тартып, сот актісінің негізінде еріксіз еңбекке салу қажет. Жұмыс орындарымен жергілікті әкімшілік қамтамасыз етсе болады. Мысалы: әр әкімшілік көше тазартуға, жол салуға ақша бөледі, борышкерлерді сол жұмыскерлер қатарына қосуға болады. Осының нәтижесінде алимент төлемес үшін «бос» жүрген борышкерлер ашық жұмысқа кіріседі», - деп түйіндеді сөзін заңгер.

Қорыта келе, бұл мәселе әлем елдерінде де өте өзекті. Бауырлас Түркия мемлекетінде алимент балаға ғана емес, анаға да төленеді. Ажырасқан ер адам әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндеттеледі. Оңтүстік Кореяда алимент төлемегендерді аямайды. Егер бір жыл бойы алимент төлемесе, 8 мың доллар айыппұл салады.Сонымен қоса, көлік жүрізу құқығынан айырылып, шетелге шығуға тыйым салады. Жалпы, қоғамда ұрпақ тағдырына, бала болашағына жауаптылықпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Өйткені, адамның санасы өзгермесе, мәжбүрлеу шараларының бәрі пайдасыз. Ең бастысы, әр әке алимент өз орнын алмастыра алмайтынын ұғынса дейміз.

Соңғы жаңалықтар